Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Данияның жаңадан таққа отырған Королі X Фредерикті құттықтап, жеделхат жолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Сіздің басшылығыңызбен Дания өзінің орнықты дамуын, халқының әл-ауқатын еселеп, халықаралық аренадағы беделін арттыру жолындағы игі істерді жалғастыра беретініне кәміл сенемін. Қазақстан мен Дания арасындағы достық пен өзара қолдауға негізделген жан-жақты ынтымақтастық бірлескен күш-жігеріміздің арқасында алдағы уақытта да нығая түсетініне үмітім зор», – деп жазылған жеделхатта.Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Патшайым лауазымынан мерзімінен бұрын өз еркімен кетіп, тақ мұрагері Фредерик ханзаданы Дания Королі ретінде жариялаған II Маргретеге де жеделхат жолдады.Мемлекет басшысы Қазақстан мен Дания арасындағы ынтымақтастықты дамытуға сүбелі үлес қосқаны үшін II Маргретеге ризашылығын білдірді.