Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС пен Шанхай ынтымақтастық ұйымымен күш біріктіруді ұсынды. Бұл туралы Мемлекет басшысы 15-ші БРИКС саммиті аясында өтіп жатқан мемлекеттер басшыларының «БРИКС Плюс» диалогы отырысында айтты. Оның сөзінше, Шанхай ынтымақтастық ұйымы жиырма жылдан астам уақыт ішінде көпжақты қарым-қатынасты және өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықты дамытуда мол тәжірибе жинаған. Сондықтан ортақ мүдделер мен басымдықтарды ескере отырып, бірнеше бағыт бойынша бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Біз бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің БҰҰ Жарғысына негізделген лайықты формуласын іздеуіміз керек. Осы мақсатта мен биылғы ШЫҰ саммитінде «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастама көтердім. Бұл бастама жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау ісін ілгерілетуге, сондай-ақ анағұрлым рационалды әлемдік саяси және экономикалық тәртіпті қалыптастыруға бағытталған. Президент саммитте баршаны «Солтүстік-Шығыс» пен «Шығыс-Батыс» көлік дәліздеріне қатысты экономикалық, сауда, көлік және инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды. Бұл тұста «Бір белдеу – бір жол» бастамасын толықтыратын Транскаспий халықаралық көлік дәлізі сауда саласындағы ынтымақтастыққа кең мүмкіндік ашады деді. Бұдан өзге, президент жаһандық климаттың өзгеруіде алаңдатарлық жағдай деді. Себебі қазірдің өзінде Оңтүстік және Орталық Азия елдерінде өте қатты қуаншылық белең алып, басқа да табиғат апаттар жиілеген. Осыған орай Президент Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымында 2024 жылды «Экология жылы» деп жариялауды ұсынды және ортақ мәселеде күш біріктіру маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, Президент азық-түлік мәселесінде де сын-қатер барын жасырмады. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Елдеріміз арасындағы азық-түлік теңгерімсіздігін азайту үшін тиісті шаралар қабылдауымыз қажет. Біз әлемдегі азық-түлік пен тыңайтқыш жеткізу ісіне саясатты араластырмай, оларды кез келген санкциялар мен шектеулер ықпалынан босатуымыз керек.