Астанада Ұлттық ұланның авиациясының базасы ашылды. Шараға Мемлекет басшысы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. База күштік құрылымдардың әлеуетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Бұл - Ұлттық ұлан ғана емес, бүкіл әскеріміз үшін айтулы оқиға. Президент ең алдымен, жиынға қатысушыларды алдағы Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, бұл отаншылдық сезімді оятып, жауынгерлік рухты арттыратын мәртебелі мереке екенін айтты. Сонымен қатар Қарулы Күштерді егемен еліміздің мықты қалқаны, бейбітшілік пен тұрақтылықтың мызғымас тірегі екенін атап өтті. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, ҚАРУЛЫ КҮШТЕРДІҢ ЖОҒАРҒЫ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ: Авиациялық базаның ашылуы – Ұлттық ұлан ғана емес, бүкіл әскеріміз үшін айтулы оқиға. Бұл база күштік құрылымдардың әлеуетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Ұшқыштардың шұғыл әрекет етуіне жағдай жасайды. Мемлекет Қарулы Күштерді жабдықтап, әскери инфрақұрылымды дамыту мәселесін айрықша назарда ұстайды. Мемлекет басшысы әскеріміздің сапында өз ісінің нағыз кәсіби мамандары қызмет ететінін жеткізді. Қазақстанның әскери қызметшілері БҰҰ аясындағы түрлі халықаралық миссияларға қатысып, бітімгерлік борыштарын табысты атқарып келеді. Биыл олар өз міндеттерін Голан жоталарында алғаш рет дербес орындауға кірісті. Бұл әскеріміздің дайындық деңгейінің жоғары екенін және еліміздің әлемдік аренадағы беделінің өсіп келе жатқанын анық көрсетеді деді,-Президент. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, ҚАРУЛЫ КҮШТЕРДІҢ ЖОҒАРҒЫ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ: Халқымыз ержүрек жауынгерлерін қадір тұтқан, оларға құрмет көрсеткен. Мен Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында Талдықорған қаласындағы әскери авиабазаға жерлесіміз, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Сергей Луганскийдің атын беру туралы тапсырма бердім. Алматылық даңқты ұшқыштың өнегелі өмірі ұрпаққа әрдайым үлгі болуы керек. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев авиабазадағы бірқатар инфрақұрылымдық нысанды аралап көрді. Онда жауынгерлік тапсырмаларды өз деңгейінде орындау үшін барлық жағдай қарастырылған. Заманауи техникалармен жабдықталған. Қайрат ҮМБЕТОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҰЛАН БАС ҚОЛБАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қазіргі таңда авиациялық базаның құрамында ұшақтар мен тікұшақтар бар. Өздеріңізге көрсетілген Қытай республикасының UI-8 самалетінің үшінші данасы келіп, 3 данасы тағы да 2025-2026 жылдар арасында жеткізіледі. Олардың барлығы транспорттық болып саналады. Сондай-ақ Президент әскери қалашықтың Даңқ залына барып, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Айта кетейік, авиабазаның Астана әуе айлағында орналасуы жеке құрам мен техниканы қажет жеріне уақытылы жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар әуеден барлау жүргізу, зардап шеккендерді эвакуациялау кезінде Ұлттық ұланның бөлімшелеріне авиациялық қолдау көрсетеді.