Мемлекет басшысы «QazaqGaz» Ұлттық Компаниясы» Акционерлік Қоғамының басқарма төрағасы Санжар Жаркешовті қабылдады. Ол Президентке негізгі көрсеткіштер туралы айтып, газ саласын реформалау жұмысы қалай жүріп жатқанын баяндады. Компания былтырдан бері Атырау, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласында 400 миллиард теңге болатын инвестициялық жобаларды жүзеге асырған. Ұлттық компания халық пен бизнес үшін газ бағасын 389 миллиард теңгеге субсидиялады. Осы кезеңде 450 мыңға жуық қазақстандық табиғи газға қол жеткізген. Санжар ЖАРКЕШОВ, «QAZAQGAZ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ: 2022 жылдың көрсеткіштері және газ саласындағы ауқымды реформалар туралы баяндадым. Тауарлық газдың ресурстық базасын арттыру мәселесі бойынша, газ өңдеу қуаттарын арттыру мәселесі бойынша жұмыс атқарылуда. Атап айтсақ, жаңа газ кен орны іске қосылады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы» Акционерлік Қоғамының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады. Қазір компания Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласын ауызсумен қамтамасыз ету үшін жаңа су тұшыту зауытының құрылысы басталған. Президент инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, көмірсутегі экспортын арттыру және геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейту жөнінде бірқатар тапсырма берді.