Мемлекет басшысы ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды. Онда президент "Абу Даби тұрақты даму апталығы" саммитіне қатысып және іскерлік орта өкілдерімен кездеспек. Саммиттің басты мақсаты не? Президент қандай күрделі мәселелерді көтерді? Сарапшылар не дейді? Тілшіміз Бекболат Сатуов сабақтайды.Абу Даби саммиті– азық-түлік пен су ресурсы қауіпсіздігі, энергияға қолжетімділік, өнеркәсіпті көміртегінен арылту, денсаулық сақтау және климаттағы өзгерістерге бейімделу сияқты ауқымды әрі өте маңызды мәселелерге арналған биылғы алғашқы халықаралық форум. Президент саммиттің ашылу рәсіміне қатысып, сөз сөйледі. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың күрт өзгеруі жаһандық проблемаларды туындататынын айтып, ортақ шешімді қазірден іздеуге тиіспіз деді. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Жаһандық орташа ауа температурасы көтерілген сайын әлемдегі құнарлы азықтың 66 пайызын қамтамасыз ететін негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымы едәуір азаюы ықтимал. Сондай-ақ, тұщы су тапшылығына душар болу қаупі зор. БҰҰ баяндамасына сәйкес, 2050 жылға қарай климаттың өзгеруі салдарынан 5 миллиардтан астам адам ауызсуға зәру болуы мүмкін. Бұл дүниежүзілік азық-түлік, энергетика, қала және экология жүйелеріне қатер төндіреді. Мұның бәрі тек саяси шешімдерді ғана емес, басқа да жедел әрі тиімді шаралар қабылдауды талап етеді. Планетамызды сақтау үшін бұрын-соңды болмаған мөлшерде қаржылай инвестиция құю керек. Сондай-ақ, Президент елімізде электр энергиясының 70 процентке жуығы көмірден өндірілетінін атап өтіп, алдағы уақытта ластанған табиғаттың 80 процентіне жауапты 50 ірі корпорация жаңартылған энергия көздеріне көшуі қажет деді. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан – көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ұзақмерзімді стратегия қабылдаған Орталық Азиядағы алғашқы ел. Аталған стратегия ұлттық деңгейде анықталған климаттың өзгеруіне қарсы күрес көрсеткіштеріне үлес қосудың оңтайлы тәсілдерін айқындайды. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Парниктік газдар шығарындыларына квота бөлу және квоталарды саудалаудың ұлттық жүйесі ауаға тарайтын шығарындыларды азайтуды және энергия үнемдеу технологиясын дамытуды ынталандыратын механизм ретінде өз тиімділігін дәлелдеді. Біздің ортақ мақсатымыз – Парниктік газдар шығарындыларын саудалаудың ұлттық және еуропалық жүйесіндегі алшақтығын жою. Бұл шаралардың барлығы Париж конвенциясындағы міндеттемелерді 2030 жылға қарай толық орындауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы астық өндірісі бойынша Қазақстан әлемде жетінші орын алатынын атап өтті. Тиісінше, дүниежүзілік азық-түлік тапшылығымен күресте еліміздің әлеуеті зор. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Біз ауған халқына гуманитарлық көмек ретінде бидай ұнын жеткізу үшін Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасымен, сондай-ақ БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Осы ретте дамушы елдерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымымен де ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамын. Екі ел арасындағы сауда-саттық саласы бүгінде маңызды қарым-қатынастардың бірі. Себебі еліміздегі ауыл шаруашылығы саласының өнімі Біріккен Араб Әмірлігі үшін өтімді дейді,-сарапшылар Сапарбай ЖОБАЕВ, ЭКОНОМИСТ: Тамақ өнеркәсібі жағынан біздің Қазақстаннан ет алу, ұн алу,өсімдк майын алу мәселесін олар қазір көбірек қарап жатыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерімен біз оларға экспорт жасаймыз. Ал олар бізге жаңа технологияларды алып келу, мынау құрылыс саласындағы жаңа технологияларды алып келу мәселелерінде Араб мемлекеттері жақсы өнеге көрсетеді. Риззат ЕЛЮБАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ: Бүгінгі таңдағы сапар аясындағы өзара инвестицияларды қорғау, және де тек қана туризм саласы бойынша ғана емес, мұнай химия кешені бойынша, агроөнеркәсіп бойынша және де логистикалық мәселелерді дамыту бойынша келісімдерге қол жеткізіледі.+қазіргі таңда БАӘ-і Қазақстанға инвестицияны арттыруға келісімдерін берді. Енді басты мәселе жаңағы Қазақстандағы бүгінгі таңдағы тіркелген 276 ортақ кәсіпорындарды дамыту және де олардың санын ұлғайту болып табылады. Абу Даби саммиті әлі аяқталған жоқ. Алда ірі келіссөздер жүргізілуі көзделіп отыр. Сондықтанда сарапшылар бұл бас қосу еліміз үшін тиімді тұсы көп, дейді. Б. Сатуов