Елімізде заңға қайшы 16 мың сайт бар. Бұл интернет-алаяқтардың дәурені жүріп тұрғанын көрсетеді. Әсіресе, жалған номермен хабарласып, ақпарат тарататындар көп. Жыл басынан бері ауыспалы нөмірлермен хабарласқан 37 миллион қоңырау бұғатталған. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Президент қабылдауында айтты. Бұдан бөлек, биыл 31 тоннадан астам есірткі, 79 тонна прекурсор тәркіленіп, 39 наша зертханасы жойылғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы министрге құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді. Ержан СӘДЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ: Бүгінгі күнде жағдай тұрақты. Аса ауыр қылмыстардың, мүлік қылмыстар, жеке басқа бағытталған қылмыстар азаюы, ашылуы жақсарды. Президентке жасөспірімдер қылмысы бойынша, оларды қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндадым.