Президент тазы иттердің көрмесін тамашалады. Көрмеде Мемлекет басшысына Наурыз есімді тазының күшігі сыйға тартылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.«Nomad» ұлттық саятшылық» қоғамдық қорының төрағасы Болат Құнанбаев тазыны сақтау, өсіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Мемлекет басшысы тазыны халықаралық деңгейде дәріптеу қажет екенін айтты. «Құмай тазы – ерекше жануар, қазақтың жеті қазынасының бірі. Біз тазы мен төбетті халықаралық деңгейде кеңірек дәріптеуіміз керек. Сыртқы істер министрлігі де міндетті түрде атсалысуы қажет. Тазыға ерекше күтім, қамқорлық, кәсіби көзқарас қажет. Сол үшін арнайы заң қабылдадық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Көрме барысында асыл тұқымды тазы өсіруші Анна Захарова Президентке тазының күшігін сыйға тартты. Күшіктің аты – Наурыз, 1,5 айлық.
Жаңалықтар


































