«Кеудемде жаным барда баламның атын өшірмеймін» Smart News басылымының хабарлауынша, айтыскер-ақын Серікзат Дүйсенғазы былтыр дәл осы күні шаңғы теуіп жүріп оқыстан қаза болған ұлы Әлиханды еске алды. «Ертең Алла жазса, Әлиханымның жылдық асын береміз. Соңғы ресми жиыны ғой. Бүгін дүниеден өткен күні еді. Бір жыл қазақтың дәстүрімен құлынымды жоқтадым. Сол күні Елікті таудың басында жылап тұрып жазған өлеңімді сіздермен бөлісіп отырмын. Бұдан кейін жоқтау өлең салмаймын. Өйткені, енді оның екінші рухани өмірі басталды. Кеудемде жаным барда балапанымның атын өшірмеймін. Жаның жәннатта болсын, жарығым!» деп жазды ақын. Серікзат Дүйсенғазы алдағы уақытта баласы туралы тек жақсы нәрсе жазатынын айтып, ұлына арналған жоқтауын желіге жүктеді: «Құшақтаған Ақандай Құлагерін, Құр сүлдеңді қапсырып жылап едім. Аспан мен жер теңселіп тұрды сонда, Жан азама шыдамай мына менің. Сөніп сол сәт Көкшеге тұнған арай, Қардан қайғы жамылды мың қарағай. Құлын даусым шырқырап бара жатты, Шыбын жаның үзілген шыңға қарай. Алай-түлей жұлқынып жел жылады, Ақ түтекке қосылып ел жылады. Мұнар мұңнан арылмай тұнжырады, Құмар қылған талайды жер жұмағы. Қапелімде басыма келді қайғы, Бұлт бүркеді көрсетпей теңбіл айды. Қасіретке қасқайған тау қозғалып, Мұз астында мүлгіген көл мұңайды Тағдыр тақта жазған соң сорды басқа, Кім өзгертер жазмыштай жолды қасқа?! Емен ағаш иіліп еңірегенде, Еліктінің етегі толды жасқа. Дәл сол сәтте кешегі күнді аңсадым, Ой-санамда сандалып тұнған сағым. Қарашықта бұлдырап бара жатты, Сенің соңғы күлімдеп тұрған шағың. Лайланбаған бала едің тұнығыңнан, Менің зарлы жанымды кім ұғынған? Қалай ғана көз жазып қалдым екен, Көзден таса қылмаған құлынымнан?! Неге ғана келдім деп тепсең жерге, Сең соққандай сенделдім сексен көлде, Елден ерек жаралған жарығым-ай, Енді қайтып туар ма ең ексем жерге!» Айта кетейік, жалғыз ұлынан қапыда айырылып қалған ақынға сол кезде бүкіл елдің қабырғасы қайысып көңіл айтқан болатын. «Қазаның арты қайырлы болсын!» деп тілек білдірген еді. Айтқандай-ақ, арада тұп-тура 9 ай өткенде ақынның жары ұл босанып, атын Әлімхан қойды.