Ұлыстың ұлы күнін Түркістан облысының тұрғындары да кең көлемде атап өтіп жатыр. Бүгін аймақта күн жауын-шашынды болғанына қарамастан көпшілік үйде жатпай, тойдың төрінен табылды. Мерекелік көңіл күй өте керемет. Өңірдегі думанды әріптесім Айзада Төребекқызы жеткізеді. Үш бидің басы қосылған Ордабасы ауданының орталығында таңертеңнен дүбірлі думан. Темірлан ауылында мерекенің көркі қызып тұр. Орталық алаңда ауылдық округтер мен бірқатар мекемелердің киіз үйлері тігілген. Мерекені тойлауға жиылған халық көп. Қызылды-жасылды ұлттық киімдегі қыз-жігіттер, әжелер мерекенің шырайын аша түскен. Наурыз тойы бүгін Түркістан төрінде де тойланып жатыр. Киіз үйлер тігіліп, қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық мәдениеті дәріптелген мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өтті. Наурыз көже таратылып, ақ бата беріліп, көпшілік бір-біріне «Ұлыс оң болсын!» десті. БЛИЦ-САУАЛНАМА: - Немерелеріммен қыдырып жүрмін. Наурыз тамаша болып жатыр. Күннің жауынына қарамай елдің көңіл-күйі жақсы. Наурыз құтты болсын! Ақ мол болсын! - Барша қазақстандықтарды осы мейраммен шын жүректен құттықтаймын. Әз наурыз мерекесі құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Мерекені тамашалауға келгендер арасында туристердің де қарасы көп. Биыл Түркі әлемінің астанасы атанған киелі шаһарға дәл осы мереке күндері 20 мыңнан астам өзге ел азаматы келеді деп жоспарланған . Самир САФАРОВ, ТУРИСТ \ӨЗБЕКСТАН\ : Ташкенттен арнайы келіп тұрмыз. Қазақстанда, оның ішінде Түркістанда наурыз қалай тойлануын өзіміз тамашалағымыз келді. Түркістанда керемет кешен салынды деп көптен естіп жүргенбіз. Өте керемет. Жауын-шашын да біздің көңіл-күйімізді бұза алған жоқ. Қазақстан халқын наурыз мерекесімен құттықтаймын. Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ: Түркістан төріндегі той ертең де жалғасады. Наурыз облыс көлемінде тойланбақ. Айта кетерлік бір шара – Түркістанда «Толағай» алыптар сайысы алғаш рет өтпек. Наурызнама откүндігі аясында бұдан өзге де бағдарламалар қамтылған.