Аргентина құрамасы мен Францияның «ПСЖ» командасының шабуылшысы Лионель Месси Еуропа чемпионаттарында соққан гол саны жөнінен Криштиану Роналдуды қуып жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Сhampionat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Месси Франция біріншілігінде «Ланспен» өткен матчта (3:1) 40-минутта есепті 3:0-ге жеткізді. Осылайша, аргентиналық ойыншы Еуропаның үздік бес лигасында (Англия, Испания, Германия, Италия және Франция) соққан гол саны жөнінен португалиялық шабуылшы Криштиану Роналдумен теңесті. Екеуінің де есебінде 495 голдан бар. «ПСЖ» клубынан басқа Месси «Барселонаның» намысын қорғады. Роналду Англияда «Манчестер Юнайтед», Испанияда мадридтік «Реал», Италияда «Ювентус» командасы құрамында доп тепті. Қазіргі кезде Криштианудың Сауд Арабиясының «Аль-Наср» клубында ойнайтынын ескергенде, енді бір гол соқса, Месси оны басып озады. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Лионель Мессидің Криштиану Роналдудың рекордын жаңартқанын жазған едік. Сондай-ақ, Килиан Мбаппе «ПСЖ» командасының рекордын орнатты.