Министрлер мемлекеттен бөлінген 70 миллиард теңгені қажеттілікке жарата алмады. Оның 16 миллиарды үнемделсе, қалғанын игере алмапты. Әшейінде қаржы жоқ деп қыруар шаруаны кейінге ысырады емес пе? Қолдағы қомақты қаражатты неге жарата алмаған? Үкімет басшысы сала жұмысын ақсатып отырған министрлерге шүйлікті. Жылдың аяқталуына екі жырым ай қалды. Енді бөлінген ақшаны игерудің жөні осы екен деп, қап қаржатты басқа бағытқа бұрып жібермей ме? Бекболат Сатуов тарқатады. Тұрмыстың түзелуі экономикаға тікелей байланысты. Үкімет отырысында тоғыз айда атқарылған жұмыс сараланды. Министрлер өсу қарқыны барын айтты. Бірақ инфляцияны ырыққа бағындыру оңайға соқпай тұр. Премьер-министрге Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың берген жауабы ұнамады. Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: Берік Шолпанқұлұлы сіз инфляцияның баяулауын тек өткен жылдың жоғарғы базасымен байланыстырып отырсыз. Бұл дұрыс емес. Инфляцияның айтырлықтай баяулауы, үкіметтің инфляцияға қарсы кешенді жұмысының арқасында мүмкін болып отыр. Бюджеттен бөлінген қаржыны жарата алмай отырған министрлік бар. Игерілмеген ірі сома Экология және табиғи ресурстар, Туризм және спорт, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерінің еншісінде. Жергілікті әкімдерде қалысар емес. Астана қаласы, Маңғыстау, Атырау және Қарағанды облыстары көш бастап тұр. Ерұлан ЖАМАУБАЕВ, ҚР ПЕРМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ-ҚАРЖЫ МИНИСТРІ: Жергілікті бюджеттердің шығыстары 9 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны - 49 млрд теңге. Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді ұзақ мерзімде өткізу; шарттарды, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу; шот-фактуралар мен атқарылған жұмыс актілерін уақытылы ұсынбау және басқалары. Жыл аяқталуына екі жарым ай қалды. Жоспар бойынша толық игерілу керек. Енді барлығы білек сыбана іске кірісетіні анық. Осыдан емес пе қыстың күні құрылыс басталатыны, сапасы сын көтермей, арты дау болатыны. Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: Барлық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері жыл соңына дейін қаражаттың, оның ішінде бюджеттен қаржыландырылатын инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар бойынша қаражаттың толық және тиімді игерілуін қамтамасыз етуі керек. Тапсырма тиянақты орындалу үшін уақыты атқарылуы керек. Сонда ғана кемшілік болмайды, тұрмыс түзеледі. Үкімет басшысы осы бағыттағы жұмыстарды қарқынды жүргізу қажеттігін қатаң тапсырды.