Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарынан 6 қазан күні ұшып кеттік. Өзім асыға күткен кейбір спорт түрлеріне қатыса алмағаныма аздап өкінсем де, алыстағы екі балама құстай ұша жөнелдім. Ал 8 қазан күні каратэші Мөлдір Жаңбырбай Азиаданың финалында жеңіліп, күміс медаль еншілепті. Қолда тұрған алтыннан айырылған Мөлдірдің залдан жылап шыққан видеосын көріп, елжіреп кеттім. Себебі бұл оның кішкентай сәбиінен жырақта жүріп алған жүлдесі еді.Ұл-қызымнан 17 күн алшақта болып, жанымды қоярға жер таппаған мен Мединасын алты айлығынан ата-енесіне аманаттап, ел намысын абыроймен арқалаған арудың бұл ерлігіне тәнті болдым. Араға аз уақыт салып, Мөлдір әлем чемпионы атанды деген ақжолтай хабар жетті. Барлық телеарналар мен газет-сайттар сүйіншілеп жатты. Мөлдірді көптен бері бақылап жүрген мен бұл жеңістің артында қаншама еңбек пен сәбиіне деген сағыныш жатқанын жақсы білуші едім... Әлеуметтік желі адамдарды тез тануымызға тікелей себепкер ғой. Мөлдір Жаңбырбайды Олимпиада қарсаңында жіті бақылай бастадым. Әлемнің әр түкпірінде өтетін ірі жарыстарда жүлдеге ілініп, Токио Олимпиадасына лицензия жеңіп алды. Олимп медаліне қолы жетпесе де, жігерін жоғалтқан жоқ. Токиодан орала сала Қызылордадағы туған үйінен өзінің командаласы Дидар Әмірәліге ұзатылды. Кейін Алматы жақта екі спортшының үйлену тойы дүркіреп өткенін көріп, тамсандық. Бір қызығы, келіндік өмір де Мөлдірді өзгерткен емес. Тұңғышына жүкті болса да, біразға дейін жаттығу жиындарына қатысып жүрді. Ал сәбиін өмірге әкелген соң, көп ұзамай татамиге қайта оралуы - нағыз батылдық еді. «Қызым алты айға толғанда, жаттығуды қайтадан бастадым. Менің татамиге қайта келуіме өзімнің ерік-жігерімнен бөлек, жолдасымның қолдауы көмектесті. Дидар мені небір қиын кезеңнен алып шыққан қайсар жігіт. Егер басқа біреу болса, бала бағып, үйде отыруымды бұйырар ма еді?! Жоқ, менің өмірлік жарым арманыма балта шаппай, жеңіске бірге жетуімізге себепкер болды. Осы алтынның артында өзімнің, ағайларымның еңбегінен бөлек, Дидардың шексіз қолдауы мен сенімі тұр. Менің аяғым ауыр кезде де ол еш тайсалмастан: «Бұйырса, сен босанып алған соң екеуміз Азия ойындарына да, әлем чемпионатына да бірге барамыз», - дейтін. Тіпті, мен демалыстан орала сала, Рабаттағы турнирдің финалына шыққанда ол таң қалған жоқ. Маған шүбәсіз сенді. Шүкір, қазір отбасымдағы қолдаудың арқасында қазақ елін қуантып, тарихи жеңіске жеткен жайым бар», - дейді каратэші. Әрбір жас ана үшін сәбиінен сәл уақыт жырақта болудың зардабы үлкен. Бұл кезеңді Мөлдір де ауыр қабылдады. Емізулі баласын ата-енесіне тастап, шетелдегі жаттығу жиындары мен жарыстарға кету – қиынның қиыны еді. Тіпті, әрбір сапар алдында Мединасынан алшақтағысы келмей, көз жасын көл қылатын. Мұндай сәттердің бәрінен ол тағы да жолдасының жұбатуымен өтті. «Әлі есімде, кішкентай қызымнан жырақтап, бірінші жарысқа баратын болдым. Жаттығуда білінбегенімен, билет алынып, жол жүретін күн жақындағанда қатты күйзеліске түстім. Бәрінен бас тартып, жарысты да жайына қалдырып, Мединаның қасынан бір елі аттамаймын деп шешкен кездерім де болды. Өйткені, алты айлық сәби үшін анасынан артық кім бар? Қызымның тәтті кездері байқаусызда өтіп кететіндей, қатты қиналдым. Сол кезде да күйеуім орынды сөз тауып, сабама түсірді. Негізі, осы алтын медальдың барлық ауыртпалығын Дидар көтерді. Әйел адамы болған соң, жылайсың, тез ашуланасың, гормондар сыр береді. Шетте жүріп, қызымды сағынғанда: «Неге маған үйде отыр деп айтпадың? Маған қазір не жетпей жатыр? Баламды қарап, отыратым едім ғой», - деп, бар өшімді күйеуімнен алған кездерім де көп. Қуанышқа қарай, мұның бәрін жолдасым сабырмен шешті. Қызымызды жанындай жақсы көретін ата-әжесіне, бізді жарысқа жіберіп, балаға бас-көз боп қалған қайын әпкеме рахмет. Медина ата-анасының жолын ашқан қыз ғой. Кейде жиынға алып барғанда, оны бүкіл командалас қыз-жігіттер бағып беретін», - деп еске алды Мөлдір. Декреттік демалыстан соң Мөлдір өзі қатысқан жарыстың бәрінен жүлде алды. Алдымен Марокконың Рабат қаласында өткен Премьер-лига турнирінде күміс, Жапонияның Фукуока қаласындағы сында қола медаль жеңіп иеленді. Көп ұзамай Малайзияда өткен Азия чемпионатында күміс еншілеп, Қазақстан командасының жалпы есепте бірінші орын алуына үлес қосты. Қазан айы Мөлдір үшін тарихи сәттерге толы болды. Ол 21 күн ішінде екі ірі жарыстың финалына шығып, Азия ойындарынан күміс, әлем чемпионатынан алтын медаль жеңіп алды. Бұл – Қазақстан каратэсінің тарихындағы алғашқы алтын, қазақ қыздарының арасындағы санаулы чемпиондық атақ еді. «Азия ойындарында алтын алсам деген арманым болды. Бірақ бұйырмайтын жеңіс 7:0 есебімен ұтып тұрсаң да, қолдан сусып кетеді екен. Десе де, күмістің өзіне қуандым, әсіресе, финалға шыққанда кеудемді мақтаныш кернеді. Бұл менің Азия ойындарындағы алғашқы медалім еді. Азиаданың ізін ала Венгрияда әлем чемпионаты өтетін. Елге келген соң қызым ауырып, чемпионат қарсаңындағы соңғы жаттығу жиындарына қатыса алмадым. Ағайларым үйге жіберіп, өздігімнен дайындалуымды өтінді. Осылайша, әлем чемпионатына аттандық. Бұл жарыс алдында өзіме үлкен міндет қойғаным жоқ. Содан ба, әйтеуір, жеңіл өтті. Чемпион атанған сәтімді ешқашан ұмытпаймын. Маған трибунадан қолдау көрсеткен жолдасым финалға шыққанда көзіне жас алып, жылап қалыпты. Өзі қоламен оралды. Қуанышымда шек болған жоқ. Тек осы сәтті жеке бапкерімнің көре алмай кеткені жаныма батты», - дейді спортшы. Мөлдір Жаңбырбайды кішкентайынан жаттықтырып, болашақ чемпионды тап басып таныған бапкер – қызылордалық Рүстем Әбжәмиев. Оның есімі каратэшілер үшін жақсы таныс. Талай спортшының томағасын сыпырған Рүстем бапкер Токио Олимпиадасының қарсаңында қатерлі дерттен көз жұмды. Ол шәкірті Мөлдірдің қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанған сәтін көре алмай кетті. Шәкірті үшін шырылдаған бапкер төсек тартып жатса да, қарындасы арқылы Мөлдірге қалай жаттығу керектігін жеткізіп отырған. «Өкінішке қарай, каратэдегі ағайларым өмірден өтті. Жеке бапкерім Рүстем ағай үш жыл бойы мені бірде-бір жарыстан, бірде-бір жаттығу жиынынан қалдырмаған еді. Тіпті, сол кездері мен еш нәтиже көрсетпесем де, үмітін үзген жоқ. Маған сенді. Менің Олимпиадаға баратыныма, әлем чемпионы атанарыма шүбә келтірген жоқ. Тек, еңбегінің жемісін көретін сәтте о дүниелік боп кеткені қынжылтады. Бірақ бізде амал бар ма? Тағдырға бағынамыз. Ағайым өмірден озғанда менің де спортқа ынтам қалмады. Бәріне қолымды бір сілтемек болдым. Алайда, ағайымның арманын орындауға тырысайын деген ой алға жетеледі. Бапкерім үшін қайта оралдым. Қолымнан келді деп ойлаймын. Егер ағайым тірі болса, мен чемпион атанғанда жер-көкті шулатып, қатты қуанушы еді... Амал бар ма?! Олимпиадаға аз уақыт қалғанда Жасталап Санауов ағайымыз да мезгілсіз дүниеден өтті. Ол еліміздегі каратэнің дамуына үлкен үлес қосқан адам. Жасталап ағаймен бетпе-бет сөйлесудің сәті көп түскен жоқ. Бізбен жиналыс өткізіп тұратын. Әлем чемпионатының алтынын ұзақ күткен бір адам болса, ол – Жасталап Санауов еді. Бұл кісілер осы бір қуанышты сәтті көре алмаса да, ел каратэсінің тарихында мәңгілікке қалады», - деп еске алды спортшы. Осылайша, еліміздегі ең танымал каратэшілердің отбасы биылғы маусымды үлкен абыроймен аяқтап отыр. Мөлдір де, Дидар да әлем чемпионаты, Азия ойындары мен Азия біріншілігінен олжалы оралды. Спортшылардың жарысы тәмамдалысымен кішкентай Медина бір жасқа толды. Енді олар маусымаралық үзілісті толығымен тәтті бүлдіршінге арнамақ. «Жарыста жүргенде қызымның тәтті қылықтарын көре алмағаным үшін өзімді жиі айыптайтынмын. Сөйтсем, нағыз қызық кез енді басталады екен. Мединамыз күн сайын түрлі қылық шығарып, бізді ата-ана бақытына бөлеуде. Әзірге, аздаған үзіліс алып, келесі жылғы жарыстарға дайындалу жоспарымыз бар. Барлық қиындық артта қалған соң: «Мұның бәріне қалай үлгердім?», - деп таң қалып жүрмін. Отбасыма, жан-жарыма, командаластарым мен бапкерлеріме алғысым шексіз. Өкінштісі сол, каратэ 2028 жылғы Олимпиада бағдарламасына енбей қалды. Біз бұл сәтті қатты күткен едік. Олимпиаданың атмосферасын қайта сезінгім келген, сол сәтті жолдасым да бастан өткерсе деген арманым бар-тын... Ерте ме, кеш пе, каратэ әлемдік мамандарды мойындатары сөзсіз. Каратэ секілді өте қызық әрі тартысты жекпе-жек түрінің Олимпиадаға кірмей қалуы үлкен әділетсіздік дер едім», - деп түйіндеді сөзін әлем чемпионы.Бұл туралы BasSport.kz.хабарлайды.