Бүгін Алматы облысындағы «Алтын Орда» базарының бұрынғы атқарушы директоры Эрмек Марқабаевтың ісі бойынша сот отырысында жарыссөз өтті. Марқабаевтың қорғаушысы оның кінәсіз екендігін дәлелдеді. Ал мемлекеттік айыптаушы сотталушыға қандай жаза сұрады? Судья мұнымен келісті ме? Толығырақ келесі бейнематериалда. Былтыр маусым айында аса дөрекілікпен ұсталған Эрмек Марқабаев 8 айдан бері тергеу изоляторында отыр. Оған қатысты ҚК-тің 296 бабы, 4 бөлігі бойынша іс қозғалды. Алдымен, Марқабаев қару-жарақты заңсыз алып жүр деген анонимді хабарлама келіп түсті. Ал кейін «қалтасынан химиялық ұнтақ зат табылды» деген желеумен қамауға алынды. Бұл іске қатысты 108 күнге созылған сот тергеуі бүгін аяқталды. Қарасай аудандық прокуратурасының прокуроры айыпталушы Эрмек Марқабаевты бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ: Марқабаев психотроптық затты жеке қолдану үшін заңсыз сатып алып, тасып жүрді. Сот-химиялық сараптамалардың қорытындысына сәйкес, ол мефедрон болып шықты. Айыпталушының кінәсі, сонымен қатар, куәгерлердің мәлімдемелері деген сияқты материалдармен дәлелденеді. Оның қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелеріне қамауды сұраймын. Ал адвокат Динара Жұбатова сараптамаларда техникалық қателіктер жіберілгенін жеткізді. Сондай-ақ Марқабаевтың қанында психотроптық зат табылғаны дәлелденбегенін және бұл істе қарама-қайшылықтар мен сорақылықтар өте көп екенін айтты. Сөзінше, тергеуші жалған құжаттарды қолдан жасады. «Оның кінәсіздігін толықтай дәлелдедік, оны ақтап алудан басқа шешім көріп тұрғанымыз жоқ» дейді. Динара ЖҰБАТОВА, АДВОКАТ: Анонимді хабарламада оның қару-жарақты Абай ауылындағы Абай көшесінде алып жүр деп айтылған. Ал Марқабаевты Іргелі мейрамхансасының жанында ұстады. Екеуінің арасы 2 шақырым. Бұдан бөлек кешке қалада кептеліс. Полиция қызметкерлері қалайша нақты сол жерге жетіп барды және дәл сол маркалі көлікті тоқтату керектігін қалай түсінді? Сонымен қатар анонимді хабарлама сотқа дейінгі тергеуді бастауға негіз бола алмайды. Марқабаев ұсталған бетте адвокат талап етті. Бірақ оған полиция қызметкері «тым кеш» деп жауап берді. Бұл оның құқығын шектеу ғой. Бұған дейін де адвокаттар сот отырыстарында қорғалушысының кінәсіз екендігіне көз жеткізетін дәлелдерді жіпке тізген еді. «Алайда прокурор өз тарапынан бірде - бір нақты дәлел келтірмеді» деп налыды Марқабаевтың жұбайы әрі қоғамдық қорғаушысы. Роза МАРҚАБАЕВА, Э. МАРҚАБАЕВТЫҢ ЖҰБАЙЫ, ҚОҒАМДЫҚ ҚОРҒАУШЫСЫ: Прокурорға бір ғана сұрағым бар. 5 жыл бас бостандығынан айыру керек деп шешімді неге сүйеніп қабылдады? Әр отырыста қорғаушылардың келтірген дәлелін естіді. Оны бәріміз де естідік. Ақыры осындай жазаға лайық санаса, нақты дәлелдері қайда? Мен объективті шешім қабылданғанын сұраймын. Ал Марқабаевтың жақындары оны ешқашан заң бұзбаған үлгілі азамат екенін атап өтті. Оның мұндай қылмысқа баруы мүмкін емес деп сенеді. Олар соттың әділ шешім қабылдағанын күтіп отыр. Болот МАРҚАБАЕВ, Э. МАРҚАБАЕВТЫҢ АҒАСЫ: Егер ағам шын мәнінде кінәлі болса, осыншама халық оны қолдап келмейтін еді ғой. Біз екеуміз бірге өстік. Оның тек түзу жолмен жүріп, қандай тәртіпті адам екенін мен жақсы білемін. Оған жала жабылып отыр. Содықтан оны тез арада босатып, ақтап шығарғанын сұраймыз. Тараптарды тыңдап, кеңесу бөлмесіне шығып кеткен судья өз жауабын 5-ші ақпан күні айтатынын жеткізді.