"Міржақып. Оян, қазақ!" фильмі Қазақстанда прокаттан алынған. Шығармашылық топ бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz.Қазақстанда кинотеатрларға онлайн билет алуға арналған платформаларда "Міржақып. Оян, қазақ!" фильмі алынып тасталған. Артынша БАҚ-та фильм мүлде прокаттан алынғаны туралы ақпарат тарады. "Міржақып. Оян, қазақ!" фильмі кестеде неге жоқ деген сұрақтар таң атқалы көптеп келіп жатыр. Шығармашылық топ, яғни, біз прокатпен айналысқан жоқпыз, десе де, мына нәрсені айтқым келеді. Фильм 21 қыркүйектен бастап тура екі апта бойы кинотеатрларда көрсетілді. Негізі прокат мерізімі өткен жексенбі аяқталған болатын, алайда көпшіліктің сұранысына байланысты 4 қазанға дейін ұзартылды.Жалпы, 6 сериялы телехикаядан көркем фильм жасау, оны үлкен экран арқылы көпшілікке ұсыну "Қазақстан" телерадиокорпорациясының тікелей идеясы мен ұсынысы болатын. Ол үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сондықтан прокат мерізімінің аяқталуынан қандай да бір астар іздеп, тараптарды кінәлаудың орны жоқ деп санаймын.Уақыты мен қаржысын қиып, келген, көрген, таратқан барша көрерменге алғысымыз шексіз! Көріп үлгермеген ағайын үшін фильм жақын арада "Qazaqstan" арнасының эфиріне және онлайн-платформаларға шықпақ", - дейді фильм режиссері Мұрат Есжан. Айта кетейік, "Міржақып. Оян, қазақ!" фильмі өткен жылы Qazaqstan ұлттық арнасының эфирінде көрсетілген аттас телехикаяның негізінде түсірілген.Тарихи фильм "Алаш-Орда" Үкіметі мен Қазақстанның ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшыларының бірі, ақын, жазушы Міржақып Дулатұлының өміріндегі маңызды 1909-1935 жылдарды қамтиды.Басты рольде Бақыт Қажыбаев ойнаса, ақынның жары Ғайнижамалды актриса Зарина Кәрмен сомдаған. Фильм режиссері - Мұрат Есжан.