Ұлттық тестілеу орталығы Қазақстанда мұғалімдердің білімін бағалау сынағына өтініш қабылдау басталғанын мәлім етті.Өтініш 6-10 шілде аралығында app.testcenter.kz сайтында қабылданады. Ескерту: бос орындар қалмаған жағдайда өтініш қабылдау мерзімінен бұрын аяқталады. Ал педагогтың білімін бағалау емтиханы 10-19 шілдеге жоспарланған. Білім бағалау сынағына келесі топтар қатыса алады: мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының педагогтері; білім беру ұйымдарының әдіскерлері (әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) әдіскерлерінен басқа); жалпы орта білім беру ұйымдарының педагогтері; қосымша білім беру ұйымдарының (интернаттық ұйымдардың, жатақханалардың тәрбиешілері, арнайы ұйымдардың тәрбиешілері үшін) педагогтері; білім беру ұйымдарының, әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) басшылары; техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының (жалпы білім беретін пәндер бойынша, сондай-ақ жалпы кәсіптік және арнайы, жалпы гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық пәндер бойынша) педагогтері; педагогикалық бағыттар бойынша жоо және колледж бітіруші түлектері (күндізгі бакалавриат, қысқартылған бакалавриат, магистратура); педагогикалық (мамандықтар) бағыттар бойынша техникалық және кәсіптік, жоғары және/немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар, тәжірибесі жоқ кандидаттар (оның ішінде 2022 жылғы түлектер); педагогикалық қызметті қайта жалғастырғысы келетін тұлғалар.