Танымал актриса Дариға Бадықова 3333 теңгеге билет сатып алған оқырман арасында ұтыс ойнатып, жеңімпазға өзінің темір тұлпарын беруге уәде етті. Ұтыс ойыны өз мәресіне жеткенде актер Дәркен Есімбеков жеңімпаз атанып, темір тұлпарды ұтып алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.Актриса Дариға Бадықова ұтыстың әділ өткенін айтып, желідегі парақшасында жазба жариялады.“Құдайдың алдында аппақпын. Арам пиғыл жасамадым. Бұйырған кетпейді! Қуаныштың көз жасы. Сенбей жатқан кісілерге айтарым, сенімсіздік өздеріңізден кетпесін. Дәркен тек игілігіңе мінші. Менің зәрем ұшты. Сырттай әдейі ұйымдастырылған сияқты көрінген болар. Бірақ мен Дәркеннің кім екенін білген жоқпын. Сенсеңіздер осы, сенбесеңіздер өздеріңіз біліңіздер. Төбемді бір Құдай”, – дейді Дариға Бадықова ағынан жарылып. Өнер иесі Дәркеннің билеті қалай таңдалып алғанын баяндап берді. “Дәркеннің атын көмекшім Дархан деп қателесіп жазыпты. Енді мына оқиғаны қараңыздар. Дәркеннің Дархан деген марқұм ағасы бар екен. Естігенде денем тітіркеніп кетті. Ешқашан қате жібермейтін көмекшімнің көзін Алла бір сәтке жауып қойды. Ағасының әруағы қолдаған ғой. Сол үшін Дәркенді Дархан деп билетке енгізген. Билетті шам намазынанкейін алған екен. Оның үстіне 1 дана билет. Алла ұлық”, – деп оиғамен бөлісті актриса. Актер Дәркен Есімбеков те темір тұлпарды ұтып алғанын білгенде көзі жасына ерік берді. “Қанша олигарх, байлардың ортасында жүрміз. Бірақ ешкімнен дәм етпейсің, сұрамайсың ғой. Тек Алладан ғана сұраймын. Алла беріп тұр”, – дейді актер көзіне жас алып. Актриса жеңімпазға көлікті тапсырып тұрып: “Жақсылықпен барсын. Ниеті жақсы жігіт қой. Жолда қалдырмасын. Тек қана қуанышқа апарсын деп тілеймін. 3333 теңгеге билет алып, 18 миллион теңгенің көлігін ұтып алу бір жанның сәтті жұлдызы деп ойлаймын. Дәркен туылғанда да, мен туылғанда осы дүниені маңдайға жазып қойды. Құрметті оқырман, біз қазақ өнеріндегі бір жігіткен көлік алып бердік”, – деді. Белгілі актердің ұтыс ойынының жеңімпазы атанғаны көпшілік арасында күмән тудырды. “Қарапайым ештемеге қатысы жоқ кісі алғанда дұрыс болар еді”, “Бәрі әртіс, ақталудың қажеті шамалы”, “Мұқтажға бұйыру керек еді”, “Кино саласында жүрген кісі екен ғой”, “Дәркен дәл осы көлікке мұқтаж емес шығар”, – деп жазды желідегілер.