"Ұлттық қор - балаларға" жобасы бойынша кәмелет жасқа толмағандарға 696 млн доллар аударылған. Яғни, ұлы дала елінде кіндік қаны тамған 7 млн бала ел табысының шарапатын сезінуде. Арасында ерекше күтімді қажет ететін және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Мемлекет оларды тегін біліммен, үймен қамтамасыз етеді. Ал қордағы қаржыны басқа мақсатта жұмсай ала ма? Әріптесім Сүндет Оралбек айтсын. Ақшаны бірден ешкім шешіп ала алмайды. Қаражат балалардың мақсатты шоттарында 18 жасқа толғанға дейін жиналады. ГРАФИКА Оны тұрғын үй сатып алуға, ипотекалық несиені мерзімінен бұрын толық немесе ішінара өтеуге, ипотекалық займ алу үшін бастапқы жарна енгізу, оның ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге, Отбасы банкіндегі депозитті толтыруға, мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясында депозитті толықтыруға, Қазақстандағы және шетелдегі оқу ақысын төлеуге немесе оқуға алған несиені төлеу мақсатында онлайн пайдалана алады. БЛИЦ-САУАЛНАМА: - Негізі керек нәрсе, жақсы нәрсе. Балалар мұрагерлікпен бере алатыны бар. Әйтеуір бала 18-ге толғаннан кейін бір жыртығы жамалады ғой. - Бала оқуға түссе де, үйі жоқ болса әке-шешесімен баспана алсада жақсы ғой. Мен оған қосыламын. - Құдайға шүкір немерем алып жатыр. Өте орынды ол. Қазіргі қиыншылық заманда балалардың ары қарай өзі дамып кетуі мақсатында істеліп жатқан жобалардың барлығы өте орынды. Егер бала жиналған қаржыны пайдаланбайтын болса мұрагерлік жолмен бауырларына бере алады. Ал елден кетіп, азаматтығын ауыстырғандарға ақша берілмейді. Бала әрекетке қабілетсіз болған жағдайда, ақшаны басқару құқығы ата-анасына немесе қорғаншыларына өтеді. Елімізде ерекше күтімді қажет ететін 100 мыңға жуық бала бар. Олар бірақ қаражатты дәрі-дәрмекке, операцияға немесе басқа мақсатта жұмсай алмайды. Мұрат ШӘРІПОВ, БЖЗҚ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: Негізі, бағдарламада екі бағыт қарастырылған. Қаржыны тек оқуға және үй алуға жұмсай алады. Ал денсаулығында кінәраты бар немесе ерекше күтімді қажет ететін балаларға мемлекет тарапынан басқа да көмектер қарастырылған. Мысалы әлеуметтік көмек, квота, дәрі-дәрмек секілді. Әзірге қаржыны басқа бағытта жұмсау қарастырылмаған. Ал ата-ананың қамқорлығынан айырылғандар, жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндер ақшаны не істейді? Олар онсыз да мемлекеттің қамқорлығында. Тегін біліммен, баспанамен қамтамасыз етіледі. Айжан МЕЙІРХАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Біздің орталығымыздан шыққан балаларға, түлектерге басқа бағыт қарастырылса. Өзі бизнес аша ма, жан-жақты дамуына рұқсат берілсе балалар өз қаражаттарын өздері жұмсап, шетелге бара ма, әйтеуір өз бағытын, жоспарын жасайды. Жауаптылардың айтуынша, бала 18-ге толғаннан кейін де, қаржы шотта 10 жыл сақталады. Егер жинақталған ақша 28 жасқа дейін де пайдаланылмаса, ол алушының зейнетақы шотына аударылады. «Ұлттық қор – балаларға» - Тұрғын үй сатып алу - Ипотекалық несиені мерзімінен бұрын толық немесе ішінара өтеу - Ипотекалық займ алу үшін бастапқы жарна енгізу, оның ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізу - Отбасы банкіндегі депозитті толтыру - Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясында депозитті толықтыру - Қазақстандағы оқу ақысын төлеу - Басқа елдердегі оқу ақысын төлеу - Оқуға алған несиені өтеу