Елімізде 13 мың мүмкіндігі шектеулі адам бар. Жарымжан жандардың барлығы сайлауда дауыс беруге құқылы. Ал оларға сайлау учаскелерінде жағдай жасалған ба? Әріптесім Аружан Задабек арбаға отырып, учаскелерді аралап көрді.Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ: Бұл сайлауда мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалған. Оған дәлел, мына сырттағы пандустар қауіпсіздік ережесіне сай. Ал, іштегі жағдай қалай екен? Қазір бірге тексеріп көреміз. Міне, бұл арбаға отырған жандарға арналған есік. Кірерде мына кнопканы басамыз. Мені іштен күтіп алуы тиіс. Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ: – Сәлеметсіз бе! – Сәлеметсіз бе! – Комиссия мүшелерінен бюллетеньдерді алып, әрі қарай дауыс беруге кіреміз. Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ: Мұнда тек арбаға отырған жандарға ғана емес, көзі көрмейтін адамдарға да жағдай жасалған. Ол кісілерге мынадай трафарет қағаз беріледі. Мұнда барлық қатысушылардың тізімі бар. Зағип жандар көздері көрмегендіктен, мынадай құлаққапты тағып, тізімнің аудио нұсқасын тыңдай алады. Қолымен сипап сезу арқылы өзінің таңдауын жасайды. Бұдан бөлек, зағиптар Брайль әдісімен өзі таңдаған кандидатқа дауыс бере алады. Альмира МҰРАТБЕКОВА, №139 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Дауыс беруге келген ерекше азаматтар ешқандай қиындыққа тап болмайды. Пандус талапқа сай. Мүгедектердің сайлау учаскесіне келіп, таңдау жасауына кедергі жоқ. Ерекше қажеттілікті талап ететін жандардың кейбірі сайлау учаскесіне келе алмаса да, дауыс бере алады. Ол үшін өзі тіркелген дауыс беретін орынға хабарласып, комиссия өкілдерін үйге шақыруға құқығы бар. Қымбат ЕРГЕБАЕВА, №58 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бөлек үстел, бөлек компьютер қойылды. Оларға арналған арнайы бөлме болады. Өздері жүре алмайтын адамдар жанындағы қамқоршысымен кіруіне рұқсат. Елдегі сайлау учаскелерінің 92 проценті пандуспен, 82 пайызы ғимаратқа кіре берістегі тактильді белгімен қамтамасыз етілген. Сайлау күні инватакси қызметі ұйымдастырылады.