Мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың күтушілеріне берілетін жәрдемақы көлемі 37 процентке өсті. Бұл үшін республикалық бюджеттен қосымша 41 миллиард теңге бөлінген. Тағдыр тауқыметіне түскен жандардың жағдайын Аружан Задабек жеткізеді. Давранбекова Наргиз - екінші топтағы мүгедек. Жарымжан төрт баланың анасы. Ананың көрген қиыншылығы аздай, оның 16 жастағы екінші қызы да тағдыр тауқыметін тартып жүр. Туылғалы бір аяғы екінші аяғынан қысқа, арбаға танылған. Наргиз «қызым өз еркімен жүріп-тұра алмағаннан кейін күтуші ана ретінде үйде отырамын» – дейді. Тек мемлекет беретін жәрдемақымен жан бағып жүр. Наргиз ДАВРАНБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Аяғында илизар аппарат бар. Біз 7 айлап сондай аппаратпен жатамыз. Қызым мектепте де жақсы оқиды. Тәртібі де жақсы. Сыртқа өз еркімен шыға алмайды. Қызымның пенсиясымен қазір 142 мың 700 аламын ай сайын. Өсіп жатыр. Иә, 1 шілдеден бастап мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың күтушілеріне берілетін ақша өсті. Нақтырақ, бірінші топтағы мүгедектер бұған дейін 77 мың теңге төңірегінде жәрдемақы алса, енді оның мөлшері 90 мыңға көтерілді. Әлеуметтік төлемге 11359 теңге қосылды. Ал екінші топтағыларға 9330, үшінші топтағы жарымжанардың жәрдемақысы 6491 теңгеге ұлғайды. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы еді. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде жарымжандар алатын көмек мөлшерін арттыруды тапсырған. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Әлеуметтік кепілдіктердің қазіргі көлемін қысқартпай, оған шынымен мұқтаж азаматтардың пайдасына қайта бөлу қажет. Мемлекет мұқтаждарға көмектеседі. Президент мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жәрдемақы беріп қана қоймай, өнімді жұмыс орынын ұсынуды да тапсырған. Өйткені, мүгедектердің де өзгелер секілді жұмыс істеуге қауқары жетеді. Мәселен, Айкүміс Рустамқызы арбаға танылғанына қарамастан, халық игілігіне қызмет етіп жүр. «Қанаттылар» инклюзивті театрының актрисасы «адам өз-өзін шектемеу керек» - деп санайды. Айкүміс РУСТАМҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бізде «Қанаттылар» театры, өздеріңіз білесіздер, біз бір-бірімізден мотивация аламыз. Бізде ондай жылап жүретін уақыт жоқ. Біз әр нәрседен жақсылық көруге тырысамыз. Елімізде 670 мыңнан астам мүгедек тұрады. Оның ішінде 62 пайызы еңбекке ятті жаста, 25 проценті зейнеткер. Қалғаны 18 жасқа толмаған балалар. Олардың бәріне ортақ бір тілек бар. Тағдыр тауқыметіне тосқауыл қойып, шыңдалып, шыңды бағындыру!