Нашақорлар мәжбүрлі түрде есепке қойылады. Бұл туралы Сенат отырысында Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов айтты. Бүгінде ресми ақпаратқа сәйкес есепте нашақорлықпен ауыратын 18 мыңнан астам науқас тұр. «Алайда іс жүзінде бұл көрсеткіш 10 есе көп болуы мүмкін»,- дейді мамандар. Жыл басынан бері елімізде 3 мыңға жуық есірткіге қатысты қылмыстық құқықбұзушылық анықталған. Синтетикалық есірткіні әлеуметтік желі арқылы саудалайтындардың да қарасы көбейген. Бақытжан ӘМІРХАНОВ, ҚР ІІМ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ КҮРЕС ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:Бүгінде наркоқылмыс киберкеңістікке шығып кетті. Наркоқылмысты ұйымдастырушылар мен үйлестірушілер көп жағдайда республикамыздан тыс жерде болуы мүмкін. Жыл басынан бері 1400-ге жуық сайт, онлайн-дүкендер бұғатталды. Қылмыскерлер IP-адрестері мен атауларын өзгертіп, жұмыстарын жалғастырса да, біз бұл құйтырқы әрекеттерге тосқауыл қоямыз.