Наурызға қарай азық-түлік бағасы төмендеуі мүмкін. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин айтты. Тек болжаммен жауап берген ол, Үкімет осы бағытта жұмыс істеп жатыр деп сендірді. Ал дүкендерде өнім құны әзір түсетінге ұқсамайды. Кейбір тауарлардың бағасы рекорттық деңгейге жеткен. Мәселен, дәретхана қағазының өзі бір жарым есеге қымбаттаған. Бұған министр «барлық тауарды қадағалай алмаймын. Минитсрлік тек әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түріне бағаны реттейді» деп жауап берді.Серік ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ-САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ: Дәретхана қағазы қымбаттады, жазу қағазы қымбаттады. Оның барлығы логистикамен байланысты. Екі ел арасындағы жағдай осының бәріне себеп. Бізде 19 негізгі азық-түлік өнімдері бар. Біз кез келген тосын сыйға дайынбыз. Алаңдауға еш негіз жоқ. Біздің міндетіміз, бірінші кезекте – тапшылықтың алдын алу. Екінші – бағаны тұрақтандыру. Ал үшінші, егер мүмкін болса, бағаны арзандату. Ақпан-наурыз айларында осыны қолға алуымыз керек.