Бүгін отандық сериал контентіне арналған «Nauryz» ұлттық бәйгесінің жеңімпаздары марапатталды деп хабарлады turkystan.kz.«Nauryz» ұлттық бәйгесі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен алғаш рет өтіп жатыр. Бәйгеге 2021 жылғы 1 қаңтар – 2022 жылғы 31 желтоқсан аралығында қазақстандық телеарналардың эфиріне, YouTube арнасында шыққан сериалдар мен шығармашылық топтар 13 номинация бойынша қатысып жатыр.«Өздеріңізге белгілі, Наурыз – жаңару мен гүлденудің, өсу мен өркендеудің символы. Сондықтан бұл ұлттық бәйге отандық сериалдардың да өсіп-өркендеуіне септеседі деп үміттенеміз. Жалпы елімізде соңғы жылдары креативті индустрия, телесериалдар қарқынды дамып келеді. Қазір бізде сан да, сапа да артып келеді, қаражат жағын да көбейтуді қарастырып отырмыз. Қазір отандық сериалдар ішкі және сыртқы нарықта үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұрын үндінің «Келініне» телміретін көрермен қазір өзіміздің «Келінжан» мен «Аппақ келінді» көреді», – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрінің міндетін атқарушы Дархан Қыдырәлі кештің ашылуында. Ең алдымен «Үздік тарихи сериал» аталымының жеңімпаздары айтылды. Әділ қазы алқасының шешімімен бұл марапатты Qazaqstan ұлттық арнасы түсірген «Міржақып. Оян, қазақ!» сериалы жеңіп алды. Бұл жүлдге сонымен бірге «Қаныш. Қазына», «Қызыл жебе», «Мәншүк» таласқа түскен еді. «Үздік драмалық сериал» номинациясында да Qazaqstan ұлттық арнасының «Ақжауын» туындысы үздік атанды. Мұнда «Бірге бол», «Рауза. Сакураның гүлдеуі», «Шанхай» телехикаялары шорт-тізімге енген болатын. Көрермен көзайымына айналған «Келінжан» «Үздік комедиялық сериал» атанды. Шорт-тізімге «Бажа», «Күйеу бала», «Патруль» туындылары да енді. «Үздік веб-сериал» номинациясында «Аппақ келін», «Ойна», Serjan Bratan, «5:32» сериалдары бақ сынады. Нәтижесінде Salem Social Media түсірген Serjan Bratan озып шықты. Айта кетейік, жеңімпаздарға NAURYZ арнайы мүсіншесімен бірге 1 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталады.