«Тайгер филмс» продюсерлік компаниясы көрерменді кезекті туындымен қуантты. Режиссер Дархан Сәркеновтің «НВП ағай» комедиясы жарыққа шықты. Фильмнің түсіріліміне Қорғаныс Министрлігі қолдау көрсетті. Майор Ербол ротаны басқарады. Ол өз ісіне жан-тәнімен берілген адал қызметкер. Алайда күтпеген жерден жұмыстан босатылып, мектепте АӘД пәні мұғалімі болуына тура келеді. Және басқа емес, ең қиын оқушылар жиналған сыныпқа жетекші болып тағайындалады. Қызықтың бәрі осы сәттен басталады. Басты рөлді сомдап шыққан актер Шерхан Пірназаров бұған дейін де әскери бағыттағы бірқатар туындының басы-қасында болғанын айтады. Шерхан ПІРНАЗАР, АКТЕР: Дәл осындай фильм елімізге керек. Жалпы өнер академиясына оқуға түспей тұрып, мен осы әскери мамандықта оқығанмын. Сол салада жұмыс істемесем де, осы еліміздің жобалары арқылы фильмдерде, сериалдарда бой көрсетіп жүрмін. Ал Қуаныш Құдайбергенге жағымсыз кейіпкердің рөлі бұйырыпты. «Екі аптаға жуық уақытқа созылған түсірілім барысы қызыққа толы болды»,-дейді. Шығармашылық топ картина көрерменнің көңілінен шығады деген үмітте. Қуаныш ҚҰДАЙБЕРГЕН, АКТЕР: Площадкада түсірілім барысында жастар болды ғой көбінесе. Школьниктің рөлін ойнаған балалардың қайсысы текстті ұмытады, соған штрафной жасайды. Балалардың барлығы армияда жүргендей күйде болды. Сол кейіпке енгеннен кейін сәл де болса әскери адамның өмірін көріп, байқап, біліп, түсініп, қиыншылығына көз жеткізген жайымыз бар. Фильмнің жабық көрсетіліміне Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің кадеттері де келді. Ұлан ҮСЕНОВ, С. НҰРМАҒАМБЕТОВ АТЫНДАҒЫ ӘСКЕРИ КОЛЛЕДЖДІҢ КАДЕТІ: Әскери бағыттарды үйрететін кинолар көп болса екен деп армандаймын. Және бұл кино бізге әскери патриотизм оятады, әскери өмірдің салаларының қандай екенін көрсетіп жатыр. Киносүйер қауым «НВП ағай» фильмін еліміздің барлық кинотеатрларынан тамашалай алады. Айта кетейік, «Тайгер Филмс» компаниясы алдағы жылы он шақты жаңа туындыны жарыққа шығаруды жоспарлап отыр.