Жыл сайын елімізде балаларға қарсы 2000-ға жуық қылмыс жасалады екен. Яғни, күн сайын кемі 6 қылмыс тіркеледі. Сонымен қатар, бір жыл ішінде 150-ге жуық сәби қараусыз қалғандықтан көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кетеді. Мұндай статистиканы AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев Мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.«Мемлекет басшысы халқына Жолдауында: «...кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін» – деп нақты айтты. Президенттің бұл мәселеге қайта тоқталуы, қоғам үшін үлкен дабыл. Президенттің бұл позициясын «АМАНАТ» Фракциясы толығымен қолдайды. Және аталған мәселені соңына дейін жеткізу үшін біз бар күш жігерімізді саламыз. Өкінішке қарай, күн сайын балаларға қарсы жасалған жантүршігерлік қылмыстар туралы жаңалық оқып жан-дүниеміз бен сана-сезіміміз сансыз соққылар алуда», - деді депутат Үкімет басшысына жолдаған сауалында. Елнұр Бейсенбаев аталған қылмыстар әлемнің өзге емес, өз елімізе болып жатқанын алға тартты. Тіпті жантүршігерлік статистикалық мәліметтерді де келтірді. «Халықтың ниеті мұндай қылмыстарға үйренбеуі керек. Сондықтан, біз бүгінгі депутаттық сауал арқылы қоғамның назарын бала құқығын қорғау мәселесіне аударуды жөн көріп отырмыз. Мәселен, Жыл сайын елімізде балаларға қарсы 2000-ға жуық қылмыс жасалады екен. Яғни, күн сайын кемі 6 қылмыс тіркеледі. Бұл – өте қорқынышты статистика! Сонымен қатар, жыл сайын 4 мыңнан астам бала бейімдеу және оңалту орталықтарына жеткізіледі екен. Жыл сайын 150-ге жуық сәби қараусыз қалғандықтан көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кетеді», - деді Бейсенбаев. Депутат мәселенің Президент деңгейіне дейін көтерілуі – жағдайдың расымен де ушығып кеткенінің көрсеткіші екенін атап өтті. «Осы депутаттық сауалымды жазып отырған сәтте Ақмола облысындағы мектептердің бірінде 5-сынып оқушысының зорланғаны туралы жаңалықты оқып, төбемнен жай түскендей болды. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар біздің қоғамда жиілеп барады. «Бала біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі» дейміз. Бейкүнә балаға қол көтерген азаматтар, арам ойдың алдында осыны ойланса екен! Мұндай қылмыс жасағандарға «бостандығын шектеу» деген жаза қолдану тиімсіз екенін көріп, көзіміз жетті. Қылмыскерді бостандыққа жіберіп, оның тағы басқа қылмыс жасауына өзіміз жағдай жасап береміз. Сарыағаштың Жібек Жолы ауылындағы кішкентай Еркежанның өлімі осы сөзіме дәлел бола алады. Сондай-ақ, ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың көбірек зәбір көретіні де белгілі. Өгей әке-шешеден зорлық-зомбылықтың жиі болуы – әлеуметтік қорғауда жүйелі жұмыстың жоқтығын көрсетеді. Яғни, учаскелік инспекторлардың, кәмелетке толмаған балалармен айналысатын мамандардың жұмысына сын көп», - деді Мәжіліс депутаты. Елнұр Бейсенбаев қоғам мұндай озбырлыққа бей-жай қарамауы керектігін айтып, бірнеше фактіні келтірді. «Мәселен, Алматыда өгей анасының қолынан қайтыс болған 7 жасар Каринаның жанұшыра айқайлаған дауысын көршілері естіген, бірақ ешбірі ара түспеген! Кеше ғана Алматы қаласында 44 жастағы әкесі 2 жыл бойы өз қызына көрсеткен зорлығы үшін 20 жылға сотталды. 20 жылға ғана, бұл нонсенс. Мұндай қылмыскерлер өмір бойына бас бостандығынан айрылуы керек. Бұл – аксиома», - деп кесіп айтты ол. Сондай-ақ ол мектептегі буллинг пен кибербуллинг мәселесіне де баса назар аударды. «Кеше ғана Алматы облысындағы 13 жастағы жеткіншек мектептегі әлімжеттіктің себебінен өз-өзіне қолжұмсамақ болғанын естідік. Заң бар, бірақ орындалуы әлсіз. Қоғамдағы бұл қылмыстың бәрі бөтеннің емес, біздің балаларға қарсы жасалып жатыр. AMANAT партиясының фракциясы бұл мәселені өз назарында жіті ұстайтын болады. Осы ретте, біздің Фракция Заң жобасына қажетті өзгерістер енгізіп, тағы да қатаңдататынын жеткіземіз», - деді Бейсенбаев. Сөзін қорытындылай келе, Елнұр Бейсенбаев Үкімет пен әкімдік тарапынан атқарылуы тиіс бірнеше жұмыстарды атап өтті. «Балалардың терезеден құлау фактілеріне байланысты, әкімдіктер, КСК тарапынан түсіндірме жұмыстары күшейтілуі тиіс. Отбасындағы ішімдікке немесе наркотикалық тәуелділікке салынған азаматтардың барлығы қатаң бақылауға алынуы тиіс. Олармен пробациялық жұмыстарды жүйелі деңгейде өткізу маңызды. Бала қауіпсіздігін сақтауда барлық мемлекеттік органдар бірлесіп, жүйелі әрі жылдам жұмыс жасауы қажет», - деді Елнұр Бейсенбаев.