Балаларға арналған SIM-карта енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан Мәжілісте айтты. Сөзінше, осы арқылы министрлік балалардың әлеуметтік желіде қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздеп отыр. Ол ата ананың бақылауында болады. Экранның жанып тұратын уақытын шектеу мүмкіндігі де қарастырылуда.Еділ ОСПАН, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Бала сол SIM-карта арқылы интернетке қосылса, міндетті түрде ата-аналардың рұқсаты сұралады. Бұл баланың интернетте қандай сайтқа кіргенін, қандай әлеуметтік желіде отырғанын бақылауға мүмкіндік береді. Тағы бір мәселе, ол карта арқылы баланың интернетке кіретін уақытын шектей аламыз. Кейде бала түн ортасында интернетте отыратын жайттар болады. Ал депутат Нартай Сәрсенғалиев сынып жетекшілерінің орнына арнайы маман алуды, психологтардың санын көбейтіп, әлеуметтік педагог мәселесін реттеуді ұсынды. Айтуынша, балаларға зорлық көрсеткендердің 70 пайыздан астамы өз әкесі, өгей әкесі, көршісі немесе сол үйдің туысқаны болып шығады. Бұл сұмдық жағдай деді ол. Нартай СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Психолог деген ең маңызды. Өйткені қазір бізде психологтар даярлау сапасы нашар болғандықтан, әлеуметтік желіде кез-келген блогер, кез-келген әнші басқа психолог болып адамның жанын емдеуге кірісіп кетіп жатыр. Бұлда үлкен проблема. Олар кәсіби маман болмағасын, оның арты неге апаратынын жақсы білеміз.