«Оқу мекемелерінің қауіпсіздігі формальды түрде және қарабайыр». Сенатор Нұртөре Жүсіп мектептегі күзетті сынға алды. Петропавл қаласындағы 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ алып келіп, үш баланы жарақаттаған қайғылы жағдайды еске салып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, елімізде бұл бағыт бойынша маңызды ғылыми база жоқ. Оқушылардың психологиялық портретін жасау, отбасының әлеуметтік жағдайын анықтау кезінде депрессияға немесе агрессияға бейім балаларды алдын ала оқшаулау ескерілмейді дейді. Онымен қоса «Білім туралы» Заңда оқушылар мен ұстаздардың қауіпсіздігі туралы бір ауыз сөз жоқ екенін айтты.Нұртөре ЖҮСІП, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: Ата-ана тіршілік қамында, балалар өз бетімен жүр. Ұлттық тәрбиеге мемлекеттік тұрғыда мән беру қажет. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен уақытта құндылықтар ескерусіз қалады. Соның салдарынан мұндай оқиғалардың алдын алу, жолын кесу, болдырмай шаралары назардан қағыс қалып отыр. Екі өзекті мәселе бар. Біріншісі, болжам жасау, ертерек алдын алу және профилактика жүйесі. Екінші, тосқауыл қою, болдырмау.