Шәкірттерін көкала қойдай сабаған бапкер жұмыстан шығарылуы мүмкін. Оқиға Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданындағы спорт мектебінде болған. Ата-аналардың айтуынша, самбо күресінің жаттықтырушысы Қайсар Құсайынов шәкірттеріне қол жұмсапты. Бапкердің балаларды басы мен бетінен аяусыз ұрып жатқан сәті спортзалдағы бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Оны көрген ата-аналар бірден полицияға арыз жазған. Айтуларынша, жаттықтырушының жас спортшыларға бұлай қол жұмсауына балалардың басқа бапкерге ауысуы себеп болған.Сәуле УӘЛИАХМЕТОВА, ОҚУШЫНЫҢ АНАСЫ: Ата-анасы ұрмайды, неге ұрады ол? Біреудің баласын ұруға қақысы жоқ оның. Сөзбен айтуға болады ғой ұрмай-ақ, сөзбен! Арыз жаздық, сосын адам баласы ғой, қателескен шығар, жарар деп бір сапарға кешірім бердік. Істің насырға шапқанын түсінген бапкер Қайсар Құсайынов кейін балалардың әке-шешесінен кешірім сұрапты. Дегенмен осы оқиға бойынша оған әкімшілік хаттама толтырылған. Ал облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы дене шынықтыру басқармасының өкілі бапкердің бассыздығын тексеріп, оған қатаң шара қолдануға уәде беріп отыр. Дариға МӘЖИТОВА, БҚО ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: Ата-аналардың арызы бойынша жаттықтырушының үстінен әкімшілік іс қозғалды. БҚО туризм және спорт басқармасына жаттықтырушының тәртібін тексеріп, тиісті шара қолдану туралы ұсынба жолданды. Жеңіс НЫҒМЕТУЛЛИН, БҚО ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Басқарма тарапынан тексеру жүргізілетін болады. Орын алған факті бойынша міндетті түрде шара қабылданады. Мүмкін жұмыстан шығару туралы ұсыныс берілетін шығар.