Алматыдағы лай көшкінінен қаза тапқан отбасының көршілері оқиғаға еңістегі көршілерін кінәлап отыр. Жоғарыда орналасқан коттедж тұрғындары кәріз құбырларын тартып, қоқыс төгіп жатқанын көрдік дейді. Соның салдарынан шамадан тыс ылғалданған топырақ беткейден сырғып кеткенін айтады. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.Қайғылы оқиға өткен бейсенбіде болған еді. Үш мың текше метр лай ағыны үйді төңкеріп жіберіп, төрт адамның өмірі қиылды. Марқұмдар жер қойнына тапсырылды, ал туыстары тергеудің әділ жүргізілуін талап етіп отыр. Сол маңда тұратын тұрғын Нұргүл Қалиева: "Қатты дыбыс естілді. Олар көшкін түсіп жатқанын айтқан кезде, қолымыздан келгенше жүгіріп шықтық. Жүгіріп шыққанда үйдің қалай қирап қалғанын көрдік. Лай көшкін үйді басып қалды. Бұл көшкіннің себебі — кәріз құбыры. Біз бұл құбырды осыдан 5-6 жыл бұрын сайттан көріп, ескерткенбіз. Біз үй иелеріне бардық. Үй иелері әдеттегідей есікті ашпайды. Біз ешкімді танымаймыз. Ешкім жоқ неліктен олар бұл құбырды жолдың үстіне қойып, бар қалдықтарын учаскелерге төгеді?",-деді. Көшкіннен көз жұмған ерлі-зайыптылар мен 16 жастары егіз ұлдары жер қойнына тапсырылды. Жерлеу рәсіміне келгендердің қарасы қалың болды. Қайғыдан қан жұтқандар бұл отбасыны қашанда қуанышпен еске алатынын айтады. Қайтыс болған азаматтың әкесі Ілияс Омаров: "Мен әкесімін. Бұл менің балаларым, немерелерім. Қатысқан, дос болған, жанашырлық танытқан барлығына алғыс айтқым келеді. Неге бұлай болды? Мен білмеймін. Құдай сақтасын, мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін. Олар бір-бірін жақсы көрді. Сондай бақытты отбасы еді. Бұл орны толмас қайғы. Құдай сақтасын, мұның бәрі ешкімге бұйырмасын. Қайғылы оқиға алдында ол әйелімен бірге балық аулауға шыққан. Бәрі керемет болып еді. Олар бақытты еді...",-деді ол. Қазір оқиғаның себептерін тексеру, лай көшкіні салдарын жою бойынша арнайы топ құрылған. Тергеу жұмыстарынан кейін нақты себебі анықталады.