Іздеуде жүрген қазақстандық күдікті Қырғызстанда ұсталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы 24.kg сайтына сілтеме жасап.Бішкек қалалық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті қаржы пирамидасын құруға қатысы бар болғандықтан іздеуде жүрген. Сонымен қатар ол 2000 жылы қайтыс болған қырғыз азаматының төлқұжатын заңсыз алған. "Ол Қазақстанның құқық қорғау органдарынан жасырынып, Қырғыз Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өткен. Тіркеуші органның лауазымды тұлғалары оған республика аумағында одан әрі заңдастыруға көмек көрсеткен. Сонымен қатар ол есірткі сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 150 мың сом айыппұл төледі", - делінген хабарламада. Қырғызстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 347-бабы (заңсыз төлқұжат беру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Төлқұжатты заңсыз берді деген күдікпен Бішкек қаласы Октябрь аудандық халықты тіркеу бөлімінің төлқұжат, виза және тіркеу жұмыстары бөлімінің жетекші маманы 1981 жылғы Қ.А. ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.