Шахтинскіде полицейлер бесінші қабаттан секірмек болған тұрғынды құтқарып қалды. 1 мамыр күні сағат 14:00 шамасында Қарағанды облысы Шахтинск қалалық полиция бөліміне көпқабатты үйдің бесінші қабатынан азаматшаның секірмекші болып тұрғаны туралы хабарлама келіп түсті. Тез арада оқиға орнына патрульдік полиция взводының инспекторлары Дулат Ситахметов пен Ерназ Өскенбай жетті.«Әріптесім екеуміз бесінші қабаттың дәлізіндегі терезеде отырып, «өмір сүргім келмейді» деп айқайлаған азаматшаны көрдік. Терезенің жақтауы қысқа болғандықтан, егер азаматша ыңғайсыз қозғалыс жасаса, қайғылы жағдайдың болу қаупінің алдын ала алмас едік. Сондықтан, мен сыртта қалып, құлап кеткен жағдайда қауіптің алдын алуға дайындалып тұрдым. Ал Дулат сатымен ішке көтеріліп, тұрғынды әңгімеге тартты. Оған бәрі жақсы болатынын, эмоцияға берілмеу керектігін барынша айтып, түсіндірді. Терезе қысқа болғандықтан азаматшаға жақындау қиындық тудырды. Бір кезде Дулат азаматшаның қолын созуға көндіріп, кейін бірден шап беріп, ішке тартып алды, – деді Ерназ Өскенбай. Әйел адам мұндай әрекетке жолдасымен арада болған ұрыстан кейін барғанын айтты. Полиция қызметкерлері құтқарылған азаматшаны психолог дәрігерлерге тапсырды.