Қазақстандағы жетім балалар Аргентика, Мексика ғана емес, Оңтүстік Африканың кедей елдеріне де берілген. Алайда ол жаққа кеткен балалардың тағдыры әлі күнге белгісіз, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.Сенатор Дархан Қыдырәлі шетелге кеткен қазақстандық жетімдердің тағдыры туралы мәселе көтерді. Депутат бұл мәселе бірнеше рет көтерілгенін, тіпті прокуратура тарапынан жағдайды реттеу әрекеттері болғанын атап өтті. Бірақ, сенатор атап өткендей, көзге көрінетін нәтиже әлі жоқ. «Еліміздің Бас прокуратурасы 2014 жылы шетел асқан балалардың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, арнайы тексеріс жүргізді, жетім балалар мен оларды асырап алуға ниет білдірген азаматтардың бірыңғай мәліметтер жүйесін құруды ұсынды. Бұл тексерістің нәтижесі және қабылданған шешімдердің орындалу барысы туралы бізге беймәлім. Айталық, Оңтүстік Африка, Кения, Филиппин, Мексика, Мальта, Аргентина сияқты елдерге кеткен 120 бала бақылауға алынды ма? Бірыңғай мәліметтер жүйесі құрылды ма?»,- деп сұрады Дархан Қыдырәлі. Қазақстан шетел азаматтары асырап алған балалардың құқықтарын қорғау мақсатында 2010 жылы «Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы Конвенцияны» ратификациялады. Бала құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган болып саналатын Оқу-ағарту министрлігі берген мәліметке сүйенсек, Конвенцияға қол қойғалы бері шетелдік азаматтар 158 қазақстандық баланы асырап алған. Соның ішінде 2013-2019 жылдары 157 бала шетел асса, соңғы 4 жылда 1 бала сыртқа шыққан. «Конвенцияға қол қойғанға дейін, 1999-2011 жылдар арасында шетелдіктер 8 805 баланы асырап алған. Олардың 5 217-сі қазір кәмелеттік жасқа толуына байланысты есептен шығарылған. Кәмелетке толмаған 3 588 бала туралы мәлімет- есеп алынып тұрады. Өкінішке қарай есеп бермейтіндер де аз емес. Мәселен Оңтүстік Африка еліне кеткен 30 баладан хабар-ошар жоқ. Сол сияқты АҚШ-тағы 104, Бельгиядағы 113, т.с. баланың тағдырын білмейміз. Ең сорақысы, 1999 жылға дейін елімізден қанша жетім баланың шетелге кеткені туралы мүлдем мәлімет жоқ», - деді сенатор.