Таяу Шығыстағы қақтығыс 30 мыңға жуық палестиналықтың өмірін жалмады. Жарақат алғандар 70 мыңға жетіп жығылады. Мамандар бұл көрсеткіш едәуір артуы мүмкін дейді. Себебі, қирандылардың астында қалғандар көп. Жаһан жаңалықтарын Сүндет Оралбек шолып шықты. Қызыл теңізде қақтығыс күшейді. Йеменнің халық қоныстанған бөлігіне Ұлыбритания мен АҚШ әскері шабуыл жасауда. Ал хуситтер қарсылық танытып, америка-британ кемелеріне қарсы соққысын үдете түсті. Йемен жұрты «Қақтығыстан бас тартпаймыз», – деп отыр. Теңіздегі текетірес әлемдік нарыққа кедергі келтіріп, шиеленісті ушықтырып жіберді. Таяу Шығыстағы жағдай да тұрақты емес. Қазір қос тарап арасында тұтқын алмасу келісімі жүріп жатыр. Ол аяқталғаннан кейін Израиль әскері Рафах қаласына шабуыл жасамақ. Оңтүстік Кореяда дәрігерлер шеруге шықты. 10 мыңдай маман жұмыстан шығуға өтініш білдірсе, 9 мыңдайы жұмысына бармай қойған. 400-дей дәрігер президент кеңсесінің жанына жиналып, медицина саласында қалыптасқан жағдайдың халық денсаулығына қауіпті екенін ескертті. Елде ақ халаттылар ереуілінің басталуына үкіметтің келесі жылы медицина мамандығында оқитын студенттердің санын 3000-нан 5000-ға дейін көбейту жоспары себепші. Рю Ок ХАДА, ДӘРІГЕР: Стажер-дәрігерлер әдетте аптасына 100 сағаттан астам жұмыс істейді. Қызметті таңғы 04:00-де бастаймыз. Біз айына 1500 доллар мен 3000 доллар арасында жалақы аламыз. Ал біреулер бізді ондаған мың доллар табады деп ойлайды. Олай емес. Иә, Оңтүстік Кореяның медициналық жүйесі керемет, арзан саналады. Бірақ мұндай нәтиженің ар жағында арзан жұмыс күші тұр ғой. Польшада фермерлер 100 шақты трактормен Германияға баратын негізгі жолдардың екі бағытын да бөгеп тастады. Олар Еуропа одағының саясатына наразылық білдіріп жатыр. Шаруалар үкімет оңтайлы шешім қабылдамайынша жолды ашпайтынын айтты. Мұндай шаралар Францияда, Германияда, Испанияда, Италияда жалғасуда. Фермерлер Украинадан, Латын Америкасынан келетін арзан импортқа, шығындарының артуына, өнімдерінің құнсызданып бара жатқанына наразы. Және де олар түрлі құжаттардың көбеюі мен бюрократияны тоқтатуды талап етуде.