Танымал тележүргізуші Әйгерім Сейфолла өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында ерекше күтімді қажет етеін ұлы туралы айтып, алдағы уақытта онымен сұхбаттасқысы келетіні туралы сыр шертті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.«Адамда арман таусылған ба? Менің ең үлкен мақсатым, арманым - баламнан сұхбат алу. Осы уақытқа дейін мен журналист ретінде үлкен тұлғалардан, зиялылардан, саясаткерлерден сұхбат алсам деп тізім құратынмын. Қазір мен өзімнің ұлымнан сұхбат алғым келеді. Себебі оның әлемі басқа»,- деді ол. Оның сөзінше, ол сәбиін көтерген жүкті кезінен бастап генетик дәрігерлер оған сәбиінің ақаумен туылуы мүмкін екенін, даун болуы мүмкін екенін айтып, алып тастауға кеңес берген. «Алып таста, бәрібір сен ауру баланы туасың деген дәрігердің сөзіне мен «бәрібір бұл баланы туамын, бұл баланы қабылдаймын» деп жауап бердім. Мен қабылдап, ол баланы көтердім, өмірге әкелдім. Туған кезде түріне қарасам, оп-оңды бала. Барлығы дұрыс, қалыпты келе жатты. Бірақ бір кезде біз оның ерекше бала екенін білдік»,- деді ол. Журналистің сөзінше, одан кейін жүгіру, арпалысу басталды. «Бірақ диагнозды қабылдау барысында өте көп кедергілерге тап боласың. Бір қарасаң, сенің балаң қалыпты бала, бір қарасаң, басқа әлемде өмір сүріп жүреді»,- деді ол. Ол ұлынан сұхбат алуға сценарий дайындап қойғанын айтты. «Ерекше құлыншақпен сұхбаттасудың менде, тіпті, сценарийі дайын. Бірақ менің балам дайын емес»,- деді ол. Ол өзінің осы жүріп өткен жолымен басқа да ерекше баланың аналарымен бөліскісі келетінін айтты. «Жалпы диагнозды естіген кездегі менің көңіл күйім, менің қабылдауым, «неге мен?» деп жанталасуым… Мықты мамандар іздеу, сиқырлы таяқша іздеу және мамандарды тауып, олармен жұмыс істеу. Ең бастысы - бәрін Аллаға тапсыру»,- деді ол. Сондай-ақ Әйгерім Сейфолла бұл сұхбатты жазудың қиынға соққанын айтты. «Мен үшін қиын әрі жауапты сұқбат жазылды. Кеудеме тығылған өксік жас боп төгілді. «Жылаңыз!»,-деген маманның сөзі одан әрі жүрегімді қозғап жіберді… Өзімді көндіруіме бірталай уақыт кеткен еді. Жалпы, өзгенің әңгімесін тыңдай білетін, боямасыз болмысын көре, сезе алатын қабілетім бар. Бірақ өзім жайлы бөгде жанға ашылып айта алмайды екем. Соңғы 5 жылда мені, менің әлемімді өзгерткен бір жағдай болды… Бұл сұхбат арқылы мен өзім сияқты әке-аналарға бағыт-бағдар көрсетіп, «мен» дейтін мықты мамандарды таныстырғым келеді»,- деді ол.