Оралда баласынан бас тартып, алимент төлеуден қашқан ата-аналардың қатары күрт көбейді. Жыл басынан бері бауыр еті баласынан безген 10 500 безбүйректің қатарына тағы 1200 адам қосылған. Оларға тіпті сот шешімі де әсер ете алар емес.Өйткені амалын тапқан пысықтар өзін жұмыссыз етіп көрсетіп, ақшаны аз төлейтін көрінеді. Осылайша төленбеген бала ақысы бүгінде 800 миллион теңгеден асқан. Күйінген келіншектер енді кімнен көмек сұрарын білмей отыр. Айтуларынша, әрбір үшінші әйел бұрынғы жұбайынан осылай жапа шегеді. Орынғаным НИЯЗОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бұрынғы жолдасым алимент төлемейді. Үлкен ұлымда қазір осы уақытта 1 млн 400 мың қарызы бар, қызыма 1 млн 900 мың қарызы бар. Мен бұрын органдарға барып, прокуратураға барып, юстицияға барып, ешкім қол созбады, арызымды ешкім қараған жоқ. Ашынған әйелдер амалы таусылған соң, әлеуметтік желіде топ құрып, күш біріктірген. Бәрінің де кемінде бір миллионға тарта алажағы бар. Ал еліміз бойынша балаға төленбеген алимент көлемі 14 миллиард теңгеге жуықтапты. Өз баласына өгейлік танытқан 16 мыңнан астам отандасымызға елімізден шығуға шектеу қойылған. Бұл аздай екі мыңға тарта адамға іздеу салынды. Сот орындаушылары үшін бұл жағдай жақсы таныс. Бірақ оларға шара қолдану оңай емес дейді. Дарья КАЧУР, БҚО ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫ ПАЛАТАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Өкінішке қарай, біз оларға шара қолдана алмаймыз. Себебі заңда жалақының ең төменгі мөлшері белгілен ген. Сондықтан олар осыны алға тосады. Ал заң бойынша оларды тексеруге құқығымыз жоқ.