Орал қаласында өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылған ер адам ұсталды. Ол жүргізуші куәлігі болмаса да тағы да есірткіге елітіп алған күйде көлік рөліне отырған.Орал қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторлары Мирлан Жанұзақов пен Арман Көшігенов Жайық өзенінің маңындағы 1, 2, 3 саяжай ауданында патрульдеуді жүзеге асыру кезінде, күмәнді Ваз-2110 автокөлігін байқайды. Алайда жүргізуші полиция қызметкерлерінің көлікті тоқтату туралы талаптарын елемей, қозғалысын жалғастыра берген.Жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төнуі мүмкіндігін ескеріп, полицейлер оның соңынан ерген. Біраз жүргеннен кейін жүргізуші көлікті тоқтатып, өзі жаяу қаша жөнеледі. 150-200 метрге жүгіргеннен кейін ол суға секіреді. Полиция қызметкерлері оны судан шығарып, қашқынды құтқарды.Құқық бұзушының бұрын сот шешімі бойынша жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзғаны үшін көлік құралын өмір бойы басқару құқығынан айырылған Подстепное ауылының тұрғыны екендігі белгілі болды.