Оралда студент қыз сегізінші қабаттан секіріп кеткен, деп хабарлайды Астана телеарнасы Kazinform-ға сілтеме жасап.БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 21 қазан күні болды. «Сағат 13.20 шамасында 1 курста оқитын 17 жасар қыз жатақхананың 8-қабатынан секіріп кеткен. Салдарынан ауыр жарақат алған студент Орал қаласындағы облыстық көпбейінді ауруханаға жатқызылды. Аталған дерек бойынша Орал қаласы полиция басқармасының Абай полиция бөлімі ҚР ҚК 105-бабы 3-бөлігіне сәйкес (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», деп хабарлады ведомстводан. БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, сағат 13.40-та Ж.Досмұхамедов көшесі бойындағы жатақханадан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына қоңырау шалынған. Студент қыз бастапқыда жақын жерде болғандықтан, облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілген. Кейін облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылды. Қазір жансақтау бөлімінде, жағдайы өте ауыр. Балалар нейрохирургінің, травматологтың және хирургтың бақылауында. Еске сала кетейік, Орал қаласында полиция қызметкерінің пара алу кезінде ұсталғанын жазған болатынбыз.