Батыс Қазақстан облысында тасқын қаупі сейіліп, бірнеше ай бойы бойын үрей билеген елдің көңілі орнына түсті. Қазір өңірде бүлінген мүлікті қалпына келтіру, жәрдемақы мен өтемақы төлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал бүгін тосыннан төнген қатерге қарсы күреске күш біріктірген бейбіт күннің қаһармандары марапатталды. Ағалы-інілі Айдар мен Дидар әскери бөлімде он жылдан бері бірге қызмет етіп келеді. Егіз жігіттерді басшылығы да бір-бірінен ажыратқан емес. Кешегі тасқында да бауырлардың еңбегі мен ерлігі еленіп, екеуі бірге марапатталды. Дидар ТАЛАПОВ, 99250 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Су тасқынынан бастап, ең бірінші Қаратөбе ауданында болдық. Келгеннен кейін Курени шағын ауданында, Самал, Желаев және тағы басқа мына жерлерде қызмет атқардық. Айдар ТАЛАПОВ, 99250 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Еліміз әрқашан бірлікте болсын, жеңісті күндер, қуанышты күндер көп болсын! Судан құтқарылған бейбіт тұрғындардың ішінде саулығы сыр бергендер де болды. Сын сағатта жүздеген адамның денсаулығы тексеріліп, дәрігерлік жәрдем көрсетілді. Айнаш ДӘУЛЕТОВА, БҚО ТЖД АПАТТЫҚ МЕДИЦИНА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ФЕЛЬДШЕРІ: Халықтың тірнектеп жиған дүниесі суға аққанын, бүлінген баспананы көргенде өте ауыр тиді. Эвакуацияланған тұрғындардың денсаулығын тексердік. Қанша қиын болса да, ел алдындағы жауапкершілікті сезініп, бұл сыннан абыроймен өттік деп ойлаймын. Су тасқынына бір кісідей жұмылған елдің ерен еңбегінің арқасында Ақжайық атырабы апаттан аман қалды. Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Облысымыздан және басқа да өңірлерден 3 мыңға жуық күштік құрылым қызметкерлерімен қатар, жастар қауымы қиын сәтте ұйымшылдық танытып, ел үшін аянбайтындарын дәлелдеді. Уақытылы қабылданған шаралардың арқасында Орал қаласы мен облысымыздың 4 ауданында орналасқан 84 елді мекенді су тасқынынан аман алып қалдық. Бұл - бірлескен істің нәтижесі, нағыз ерліктің көрінісі. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тасқыннан зардап шеккен 2 мыңнан астам тұрғынға бір реттік жәрдемақы төленді.