Орал қаласында сүт зауыты ауданында контейнер жанып кетті.БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 20 желтоқсан күні Ш.Айталиев атындағы көше 9-мекенжайында болды.«Сағат 11.16-да «Береке» БҚО сүт комбинаты аумағында бөлек тұрған контейнер отқа оранды. «Тілсіз жау» сағат 11.38-де оқшауланып, 11.48-де ауыздықталды. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында жеке құрамнан 6 адам (2 техника) жұмыс жасады», деп хабарлады ведомстводан. БҚО ТЖ департаментінің бастығы Ернұр Өтегеновтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, аталмыш оқиғаға дейін облыс аумағында 554 өрт тіркеліп, салдарынан 10 адам (2022 жылы – 7, өсім – 42,8 пайыз) қаза тауып, 9-ы (2022 жылы – 6, 50 пайызға көп) түрлі жарақат алды.Өрттен 157 млн 750 мың теңге (өткен жылғыдан 26 пайызға кем, 213 млн 138,7 мың теңге) шығын келтірілді. «Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, өрт санының 3,9 пайызға (2022 жылы – 533) өскені байқалады. Соның ішінде 340-ы тұрғын үй секторында болды, бұл өткен жылғыдан (329) 3,3 пайызға артық. Өрт шығуының негізгі себептері – электр сымдарының қысқа тұйықталуы, отпен абай болмау, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, өртеу, сондай-ақ балалардың отпен ойнауы. Алдағы жаңажылдық мерекелер кезінде де өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажет», деді Е.Өтегенов.Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да мұздаққа байланысты республикалық жолда шектеу қойылғанын жазған едік.