Оралдағы су тасқынынан кейінгі көктемгі сенбілік екі айға созылады. Осылай мәлімдеген жергілікті шенеуніктер айналасы топырақпен қоршалған қаланы мұнтаздай қып тазартамыз деп отыр. Жайық тасығанда су шайып кетеді деген қауіппен Оралдың айналасы құм салынған қапшықпен қоршалып, бөгет жасалған еді. Дегенмен соңғы күндері өзеннің деңгейі төмендеп, өз арнасына түсті. Енді тау-төбе боп үйілген топырақ қаладағы көлік қозғалысына кедергі жасап отыр. Енді ол қапшықтар тұрмыстық қалдықтар полигонына тасылып жатыр. Тасқынға тосқауыл болған топырақты алдағы жазда өрт сөндіруге қолданбақ. Ал артылған құм тасқынмен әлі күресіп жатқан саяжайларға жіберіліп, су басуы мүмкін аумақтарға төселеді. Азамат ХАЛЕЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Жалпы қаламыз бойынша 1 миллион 200-дей қапшық дайындалған болатын осы су тасқыны науқаны басталғалы жалпы. Енді оның басым бөлігі өз орындарында қалады. Саяжайларға берілгендері бар, басқа да қаланың Жайық арнасына өткен көп қапшық нелері өз орындарына қалады. Ал мына қаланың орталығына жасалған бөгеттерді алып тастауға тура келеді. Себебі ол біздің күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге ыңғайсыздықтар тудырады.