Оралдық бағбан Қайрат Кәрімов Ақжайық атырабын алма бағына айналдырмақ. Осыны мақсат еткен ол қазір өз бақшасында осы жемістің жүздеген түрін өсіреді. Айтуынша, оралдық алманың атағы Алматының әйгілі апортынан да ерте шығыпты. Дәмі тіл үйіретін алманың алуан түрінен дәм татқан тілшіміздің материалында толығырақ. Біраз уақыт иесіз қалған бұл алқап сегіз жылдың ішінде мәуелі баққа айналды. Алманың алуан түрін жергілікті табиғатқа бейімдеуді көздеген бағбан жеті гектардан астам жерді игерген. Айтуынша, 1910-жылы Париждегі халықаралық көрмеде жергілікті анис сорты алтын медаль алған. Бұл оқиға әйгілі Алматы апортының даңқы шықпастан 13 жыл бұрын болыпты. Қайрат КӘРІМОВ, БАҒБАН: Жеріміз алма баққа өте бейімделген. Өкінішке қарай қазір біздің жерімізді неперспективный для садоводства істеп қойған. Ол деген олай емес, біз соны дәлелдеп жатырмыз. Енді мына алдағы мақсатымыз - ғылыми жұмыс жүріп жатыр ғой. Біздің жерімізде бұрынғы бақтарды жаңартып, өсіру. Оны өсіру үшін мынадай ғылыми жұмыстар өте қажет. Қазір мұнда алма мен жүзімнің 200-ден астам түрі өсіріледі. Бағбанның айтуынша, оралдық алманың биохимиялық құрамы өте бай. Мысалы, ресейлік өнімдегі С дәрумені 150 грамнан аспаса, жергілікті алманың көрсеткіші 200-300 грамм аралығында. Еркін КАРИН, ТІЛШІ: Мұндағы әрбір түп алма ағашының өзінің атауы бар. Мысалы, мына ағаштың қанша алма беретіні, алманың қашан пісіп-жетілетіні, бәрі-бәрі қағазға қатталып, арнайы есепке алынады. Содан болар осындай өлшеусіз еңбектің арқасында мұндағы алмалардың иісі мұрын жарады, ал дәмі тіл үйіреді. Өткен ғасырда Оралда 700-дей алма бағы болса, қазіргі жағдай мәз емес. Аймақтағы 450 гектардай бақтың 216 гектарында ғана алма өсіріледі екен. Кеңес ҚАЙДАШЕВ, БҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: 2022-де біз 2216 гектар алма бақтары егілді. Сол көлемнен 800 тонна алма жиналды. Ол біздің облыстың қамтамасыз ететінінің 5 пайызын құрайды. Қалған өнімге 15 мың тоннадай қажеттілік бар облыста. Сол қалғанын импорттап, Оңтүстік Қазақстан облысынан және шетелден әкелінеді. Бағбан бұл кемшілікті алма шаруашылығының ғылыми тұрғыдан зерттелмегенінен көреді. Осыны реттеуді көздеген ол енді ботаникалық бақ құрылысын бастамақ.