Оралдық қарияға телефонмен хабарласып, өзін полицеймін деп таныстырған әлдебір азамат оған немересінің жол апатына түсіп, ауруханада жатқанын айтқан. Сосын осы істі "шешу" үшін шұғыл ақша керек екенін жеткізеді. Үрейі ұшқан зейнеткер 1,5 миллион теңгені сөмкеге салып, үйіне келген такси жүргізушісіне ұстатыпты. Біраздан кейін немересімен хабарласқан қария алаяқтарға алданғанын біледі. Суыт хабар ізімен күдіктілерді іздеген полиция Атырауға аттанған такси жүргізушісін орта жолдан тоқтатып, ақшаны кері қайтарды. Атыраулық әріптестерімен күш біріктірген оралдық тәртіп сақшылары осы іске қатысы бар тағы бір курьерді ұстаған. Алаяқтар ізін жасыру үшін бірнеше курьерді жалдап, ақшаны алатын көрінеді. Биылдың өзінде олар 28 адамның 43 миллион теңгесін олжалапты. Барлығы - жасы жетпістен асқан жалғызілікті қариялар. Нұрлан БИСЕНОВ, БҚО ПД КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша қылмыстық іс қазіргі уақытта қозғалды. Жедел іздестіру шаралары өткізіліп жатыр. Алаяқтар кімдер екені, қайдан екенін қазір анықтап жатырмыз біздер. Негізгі уақытта біздің анықтаған адамымыз курьер. Оны қосымша бойынша жалдап алған. Доставканың қосымшасы бойынша.

Оралдық полиция алаяққа алданған қарияның 1,5 миллион теңгесін қайтарып берді
Жаңалықтар


































