Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, оралдық Иван Гапичке «Халық қаһарманы» атағы берілді. Қарт майдангер «Алтын жұлдыз» және «Отан» орденімен марапатталды. Қазір елімізде қан майданнан аман оралған ардагерлердің қатары саусақпен санарлық. Ел басына күн туғанда өмірін пида еткен жандар қандай құрметке де лайық.Иван Гапич қолына қару алып, соғысқа аттанғанда 17 жаста еді. Талай шайқасқа қатысып, ерлік көрсеткен өрімдей жігіт жеңісті Калининградта қарсы алған. Жуырда жасы жүзге толған ардагерге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық қаһарманы» атағын беріп, "Алтын жұлдыз" және «Отан» орденімен марапаттады. Иван ГАПИЧ, СОҒЫС АРДАГЕРІ: Президент жарлығымен маған осындай үлкен марапат берілді. Мемлекет басшысы Жеңіске қосқан үлесім мен прокуратура саласындағы ұзақ жылғы еңбегімді жоғары бағалағаны үшін алғыс айтамын. Соғыстан оралған жауынгер кейін прокуратурада жұмыс істеді. Әлі қоғамдық шараларға да қатысып тұрады. Естелік кітабы жарық көрді. Мемлекет басшысы Оралға келген сапарында ғасыр жасаған майдангердің үйіне арнайы барып, мерейтойымен құттықтаған еді. Орал қаласында қазір 13 соғыс ардагері тұрады. Олардың бәрі де құрметке лайық. Жайсаң АҚБАЙ, ӨЛКЕТАНУШЫ: Қара қылды қақ жарған, халыққа адал қызмет еткен, қай жұмыста болса да Иван Степаныч заңдылықты сақтады. Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Бөкей ордасы аудандары соғыс кезінде майдан шебіндегі аймақ болды. Сталинград майданынан 200 шақырым жердегі бұл аудандарды неміс ұшақтары талай бомбалаған. Тіпті Жәнібектегі су мұнарасына бес жүз келілік бомба тастап жарып жіберіпті. Батыс Қазақстан облысынан майданға аттанған 76 мың жауынгердің жартысынан астамы ерлікпен қаза тапты.