Әке көрген оқ жонар деп баланы ат жалын тартып мінген күннен бастап, батыл, намысқой болуға баулиды. Бірақ технология дамығалы бері кейінгі ұрпақтың ұстанымы өзгерді. Теледидарға телміріп, телефонмен "достасты". Өз қызығын виртуалды әлемнен тапқан бала бүгінде ата-анадан біртіндеп жырақтай бастағандай. Осы олқылықтың орнын толтыруға тырысқан оралдықтар Ұлттық спорт күнін ерекше атап өтті. Жігіттер ұлдарына қойды қалай соятынын көрсетсе, аналары қазанға бауырсақ пісірді. Бұдан кейін әкелер мен балалар бір топқа бірігіп, түрлі сайыста бақ сынады. Әке мен баланың арасындағы қарым-қатынасты осылай күшейткіміз келді дейді ұйымдастырушылар. Өйткені гаджетке үйір жеткіншектерді қазір басқа нәрсемен қызықтыру қиын. Бірақ садақ тартып, мергендігін сынаған ұландардың ұлттық ойынға қызығушылығы бөлек. Олардың кейбірі ат спортымен айналысып, шабандоздықтың қыр-сырын меңгерген. Сәтқали ДЕМЕСІНҰЛЫ, БҚО "БӘЙГЕ" ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Қазіргі заманда өздеріңіз білесіздер, телефонға қарайлап өседі бала. Озық технология, копьютердің алдында отырады. Сөйтіп отырған баланы бүгін ұлтжандылыққа, әке мен баланың ортасындағы қарым-қатынасын түзеуге ұлттық спорт өзінің бір үлесін қосып, ұйымдастырылып жатыр. Атқан оғын құр жібермеген азаматтардың ұлының алдында бір мерейі өсіп қалғаны анық. Ал намысқа тырысып ләңгі тепкен, кейін аударыспақта күш сынаған жігіттер мұндай шараларды жиі өткізіп тұруды ұсынды. Нұржан МАҒЗОМОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Кіші ұлым осы шабандоздар класына былтырдан бері қатысып жүр. Өзім басқа салада жұмыс жасасам да, бүгін ата-ана ретінде әке көрген оқ жонар деген сияқты мақсатта осы сайыстарға қатысып, жарыстарын көріп жатырмыз. Бұрын қатыспасақ та, финалда бас жүлдені жеңіп алдым. Соған қуаныштымын енді ұлыма үлгі болып.