Ораза айт қарсаңында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев «Жазасын өтеп жатқан, істеген ісіне өкінетін және өмірін өзгертуге бет алған адамдар тобына рақымшылық жасау» жарлығына қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.Жарлыққа сай, 426 адамға рақымшылық жасалды. Олардың ішінде 135 сотталған негізгі жазасын өтеуден толық босатылса, 200 адам мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығады. Сонымен қоса, 26 адамның жазасы жеңілдетіліп, бас бостандығынан айырылған 65 азаматтың мерзімдері қысқарды. «Рақымшылық жасалғандардың қатарында шет мемлекеттердің 11 азаматы, 50 әйел, 60 жастан асқан 13 ер адам, 30 жасқа дейінгі 157 адам (оның ішінде үшеуі кәмелетке толмағандар), сондай-ақ тыйым салынған ұйымдардың қызметіне қатысқан 5 адам бар», - делінген Өзбекстан басшысының баспасөз қызметі таратқан хабарламада. Жарлықты орындау шеңберінде жауапты ведомстволарға рақымшылық алған адамдарды отбасына қайтару, олардың қоғамға бейімделуіне жәрдемдесу және жұмысқа орналастыру жөнінде тапсырмалар берілді. Қоса кетсек, бұған дейін Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов Қадір түніне орай 356 тұтқынға рақымшылық жасаған еді.