Чилиде орман өртін ауыздықтау мүмкін болмай тұр.Тілсіз жаудан 120-ға жуық адам қаза тапты. 400-ден астам адам іздестіріліп жатыр. Ауруханалар зардап шеккендерге толы. Құтқарушылар отқа оранған аудандарды толық тексеруге үлгермей жатыр. Сондықтан құрбандардың саны еселеп өсуі мүмкін дейді мамандар. Өрт 6000-нан астам ғимаратты күлге айналдырды. 1600 адам баспанасыз қалды. Елде төтенше жағдай жарияланды. Үш күндік аза тұту жарияланды. Ұрлық, тонау фактілері болмас үшін коменданттық сағат енгізілді. Өртті сөндіруге 1400 маман, әскер, ұшақ мен тікұшақ тартылды. Тұрғындар болып жатқан жағдайды нағыз тозақ деп сипаттады. Хуан КОНТРЕРАС, ТҰРҒЫН: Бұл менің ас үйім еді. Менің кір жуғыш машинам да сол жерде тұрды. Кеше ғана мына жерде жуынатын бөлме, душ болған еді. Енді менің үлкен үйім жоқ. Менің өмір сүретін жерім жоқ.