Төтенше жағдайлар министрлігі Батыс Қазақстан облысындағы тікұшақ апатының қалай болғанын ресми түрде мәлімдеді. Ми-8 тікұшағы Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Чапурино кентінің ашық аумағында қонуға мәжбүр болған.Тікұшақ Махамбет елдімекені маңайында апатқа ұшыраған. Экипаж мүшелерін іздеу тобын ауыл әкімі Бейбіт Аманғалиев басқарыпты. Ақтүтек боранда жол табу оңай болмады дейді. Омбы қардан өрт сөндірушілердің жүрдек көлігі өте алмағасын, кездейсоқ жолыққан аңшылардың қар шанасымен тікұшаққа әрең жеткен. Тірі қалған екі адамды сол шанамен кезек-кезек тасып шығарыпты. Бейбіт АМАНҒАЛИЕВ, МАХАМБЕТ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: Көз ұшында поледе қара бірдеме көрінді. Үлкен сай алдымызда. ЧС-тың машинасы өте алмайтын болды. Сосын шопырдың өзі де қорықты, мынау батып қалса біздер шығара алмаймыз деді. Жарты жолды жаяу жүрдім, жарты жолды снегоходпен жүрдім. Барып на месте қарадық. Үш адам бір жерде жатыр, бір адам бөлек жатыр. Вертолет алдыңғы жағымен түскен. Менің ойымша летчиктер бірінші кеткен сияқты. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ұшқыштар ақтүтек боран кезінде жер бедерінің өзгергенін байқамай қалуы ықтимал. Осылайша тікұшақ сайдың қабағына соғылған болуы мүмкін дейді. Манарбек КУШАЛИЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ: Лягошинская доля деген сай-сала бар. Боран деген бұрқырап тұрады өне-бойы. Анау боранның уақытында ұшып келе жатып, одан төмен қарай түсіп, жоғары шығатын уақытта сол арада шығатын жерінде соғылып тұр ғой. Ал ғайыптың күшімен тірі қалған екі жолаушы қазір ауруханада. Солардың бірі -«Қазавиақұтқару» инженері- Сергей Щеглов. Сергей ЩЕГЛОВ, «ҚАЗАВИАҚҰТҚАРУ» ИНЖЕНЕРІ: Не болғанын да білмей қалдым. Есімді жисам, басымнан қан ағып жатыр екен. Орындықтардың арасына қыстырылып қалыппын. Өздігімнен шыға алмадым. Сол кезде құтқарушылар жетіп, бізді шығарып алды. Жігіттерге алғысым шексіз. Тікұшақ өртенсе аман қалуымыз екіталай еді. Дәрігерлердің айтуынша, ауыр соққыдан екі науқастың да миы шайқалған. Бірақ жағдайы тұрақты дейді. Еркін АҚБАЛИН, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Келіп түскендегі жағдайлары санасы анық. Жалпы жағдайы орташа болды. Барлық сұрақтарға жауап берді. Қазіргі жағдайда екеуі де нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылды. Бас миының жабық жарақаты, екінші науқастың жоғары ерні және төменгі ернінің жарақаттары. Түнде ұйықтап шықты. Барлық шаралар жасалды. Тікұшақ апатынан 4 адам қаза тапты. Олардың балалары кәмелетке толғанша ай сайын әкесінің жалақысы мөлшерінде жәрдемақы төленеді. Руслан ИМАНҚҰЛОВ, ҚР ТЖМ РЕСМИ ӨКІЛ: 2021 жылы жасап шығарылған Ми-8 тікұшағының әуеде ұшуы сағатына 250 сағат, 2023 жылдың 17 қаңтарында Атырау қаласында мерзімді техникалық қызмет көрсетуден өткен болатын. 2030 жылы әуе кемесі алғашқы күрделі жөндеуден өтуі тиіс еді. Тікұшақ пайдаланылған сәттен бастап ұшуға жарамдылығына әсер ететін ақаулар мен ескертулер болған жоқ. Тікұшақты әзірлеген зауыт өкілдері оқиға орнына баратын болады. Экипажда білікті, жоғары тәжірибелі мамандар болғанын атап өткім келеді, олардың әуеде ұшу сағаттары да аз емес. Еркін КАРИН, ТІЛШІ: Бұған қатысты қылмыстық кодекстің 344-бабы 3-бөлігі «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе кемесінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Апаттың себебін екі ведомствоның өкілдері тексереді. Тікұшақты құрастырған зауыт өкілдері де оқиға орнына барып, мән-жаймен таныспақ.