Бүгін Орталық сайлау комиссиясы "AMANAT" партиясының Мәжіліс депутаттығына кандидаттарының партиялық тізімін тіркеді. СНХ Мұхтар ЕРМАН, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ; «AMANAT партиясы 90 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынды. Бұл тізімдегі 29 кандидат: әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар. Олар кандидаттардың жалпы санының 32,2 пайызын құрайды. Орталық сайлау комиссиясы өкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін партиялық тізімге енгізілген адамдардың Конституция мен «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізді. Партиялық тізімге енгізілген барлық адам Конституцияның және «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді.Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 5 және одан да көп пайыз дауысын алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлемейді. 2021 жылғы қаңтарда өткен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында AMANAT партиясы сайлаушылар дауысының 71,9 пайызын алған. Осыған байланысты AMANAT партиясы сайлау жарнасын төлеуден босатылады»» ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерманның айтуынша, партиялық тізімді ұсынған партиялар партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін ҚР заңнасында белгіленген ең төменгі жалақының 15 еселенген мөлшерінде ОСК шотына саяси партиялардың қаражатынан сайлау жарнасын енгізеді.