Өскемен қаласы тұрғынының көлігін, қымбат тұратын екі телефоны мен 800 мың теңгесін бопсалап алған екі адам ұсталды.ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшыларына екі ер адамның Өскемен тұрғынын бопсалағаны туралы ақпарат түскен. Полицейлер ҚР Ұлттық ұланының арнайы бөлімшесімен бірлесіп, жедел-іздестіру шараларына кірісті. Көп ұзамай 25 және 26 жастағы екі күдікті ұсталды. «Белгілі болғандай, олар жәбірленушіні қорқыту үшін қала сыртына күштеп апарған. Қылмыстық әрекеттерімен оның «iPhone 14 Pro» маркалы екі ұялы телефонын, 800 000 теңге ақшасын және «Mercedes-Benz» маркалы көлігін бопсалап алған. Ұсталғандар өз кінәларын мойындады. Заттай дәлелдемелер ішінара (400 000 теңге сомасындағы ақша) алынды», - делінген ақпаратта.Сонымен қатар, автокөлікті тексеру барысында салоннан қосауыз мылтықтың кесіндісі және 4 оқ табылды. Күдіктілер сот санкциясымен қамауға алынды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 194-бабы 3-бөлігіне, 125-бабы 2-бөлігіне және 287-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.