Өскемен қаласында шаурмадан уланған 7 адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Өскеменде стафилококк инфекциясы бар шаурманы жеген 7 адам уланып, ауруханаға түскен. Олар шаурманы қала көшелерінің бірінде тұрған павильоннан сатып алған. «Департаментке бір тәулік ішінде бірдей белгілермен ауруханаға түскендер туралы жеті жедел хабарлама жетті. Барлығы жиі құсып, дене қызуы көтеріліп, үлкен дәретке көп барды. Клиникалық деректер негізінде дәрігерлер барлық науқасқа «тамақтан улану» диагнозын қойды», - делінген ақпаратта. 5 адам ауруханаға жатқызылса, екеуі амбулаторлық ем қабылдады. Қазірге уақытта пациенттер толықтай жазылып шыққан. «Жүргізілген эпидемиологиялық тексеру барысында анықталғандай, барлық улану жағдайы Өскемендегі фастфуд нысанынан сатып алынған шаурмадан болған. Сол павильон өнімдерін тексеру нәтижесінде шаурма сынамасынан «S.aureus 2*103 KOE/г» анықталды. Бұл -стафилококк инфекциясы. Өнімде стафилококктың қайдан пайда болғаны белгісіз. Павильон қызметкерлерінен аталған инфекция табылмады», - дейді департамент басшысы Ғалымбек Алин. Дегенмен фастфуд нысаны жұмысынан басқа бұзушылықтар тіркелді. Атап айтқанда, өнімдерді тасымалдау шарттары сақталмаған, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін растайтын ілеспе құжаттар болмаған, павильон ішінде жәндіктер жүрген. Дезинсекциялау және дератизациялау жұмыстары жүргізілгенін растайтын құжат та жоқ болып шықты. Кәсіп иесі аталған бұзушылықтарға жоюға міндеттелді. Тек содан кейін ғана нысан жұмысын жалғастыра алады.