Елімізде жылына 300 мың тонна авиаотын тапшы. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.«Алдағы уақытта елдің транзиттік әлеуетін бұдан әрі арттыру мақсатында жерүсті инфрақұрылымды дамыта отырып, мынадай 3 бағытта жұмыс атқарылатын болады. Бірінші - авиаотынмен қамтамасыз ету. Екінші - арнайы техника және жабдықтарды жаңарту. Үшінші - әуежайлардың іргелес аумағында ұшу қауіпсіздігін жоғарылату. Қазіргі кезде авиаотынның тапшылығы жылына шамамен 300 мың тоннаны құрайды. Бұл көлемді импорттық авиаотынның түрлерін көбейту арқылы шешуді жоспарлап отырмыз, оның ішінде Қытайдан JET A-1 маркалы отынды да қарастырудамыз. Осы мақсатта Алматы әуежайының жанармай құю кешені жаңғыртудан өтуде және 2024 жылғы маусымнан бастап аталған авиаотын түрін пайдалануға көшеді», - деді ол. Министрдің айтуынша, отандық зауыттардың өндірісін JET A-1 отын өндірісіне қайта бағдарлау авиаотын көлемінің айтарлықтай ұлғаюына алып келмейді. Оған қоса, барша әуежайлардың инфрақұрылымын JET A-1 қабылдауға өткізу үшін қомақты қаражат қажет. «Сондықтан, әуежайлар өз мүмкіндіктерін ескере отырып, рет-ретімен қажеттіліктеріне қарай осы жанармай маркасын пайдалануға көшетін болады. Бұдан басқа, авиаотынның түпкілікті құнына әсер ететін делдалдық құрылымдарды болдырмау мақсатында импорттық авиаотынды шетелдік мұнай өңдеу зауыттарынан тікелей сатып алу мәселесі пысықталуда», - деді Марат Қарабаев.